Жаңа туған нәрестеге ЖСН жарты сағатта беріледі
2024 жылы ата-аналар жаңа туған нәрестенің ЖСН-ін туғаннан кейін жарты сағаттан кейін алады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл жайлы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің кеңесшісі Әсел Молдабекова мәлімдеді.
Жыл соңына дейін біз Астанада пилоттық жобаны аяқтауды жоспарлап отырмыз. Келесі жылы бүкіл ел бойынша ауқымды түрде іске асырамыз. Пилоттық жоба кезінде кейбір қателіктер белгілі болды,- деді Әсел Молдабекова.
Қазіргі уақытта пилоттық жоба Астана қаласындағы №9 емхана мен №1 перинаталдық орталықта толықтай жұмыс істеп жатыр.
Сондай-ақ, жаңа жүйе алдағы уақытта мемлекеттік және жекеменшік перзентханада да іске асырылады, - деді ол.
Жаңа алгоритм азаматтық хал актілерін тіркеу жүйесі (АХАЖ) аты аталмаған баланың туу туралы жазбасын автоматты түрде тіркейді. Осы жазба негізінде ЖСН қалыптасады. Жаңа туған нәрестеге ЖСН беру әлеуметтік жәрдемақыны алуды да жеңілдетеді.