Жаңа туған нәрестеге алғаш барғаннан кейін медбике не істеуі керек?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жаңа туған нәресте, әсіресе алғашқы айларда үнемі бақылауды және дұрыс күтімді қажет етеді. Бұл үшін медицина ұйымдарында патронаждық қызмет жұмыс жасайды. Нәрестені үйге шығарғаннан кейін оны бірден емхананың учаскелік медбикесі өз бақылауына алады.

18 жасқа дейінгі балалар медициналық сақтандыру жүйесінде жеңілдік санаты бар топ қатарына кіреді. Сондықтан оларға туғаннан бастап кәмелеттік жасқа толғанға дейін барлық медициналық көмек мемлекет есебінен тегін көрсетіледі» деп хабарлайды Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елорда филиалының баспасөз қызметі. 

Жаңа туған нәрестелер патронажы дегеніміз не?

Жаңа туған нәрестелер патронажы - бұл аурудың алдын алу, ата-аналарды баланың үйлесімді дамуы үшін оған дұрыс күтім жасауға үйрету мақсатында перзентханадан шыққаннан кейін үйдегі кішкентай пациентті белсенді бақылау жүйесі. Айта кету қажет, анасы мен баласы ауруханадан тәулік бойы медициналық бақылауда медициналық көрсеткіштері болмаған кезде ғана, яғни қанағаттанарлық жағдайда ғана шығарылады. Бала үйге шығарылғаннан кейін перзентхана ол туралы ақпаратты одан әрі бақылау үшін нақты тұратын жері бойынша емханаға береді.

Ережеге сәйкес, медбике алғаш рет кішкентай пациентке ауруханадан шыққаннан кейін 1-3 күннен кешікпей баруы керек. Перинатальды және туа біткен патология белгілері бар шала туылған нәрестелерді шығарылған күні бірден қарауға тиісті. Егер бұл күн демалыс немесе мереке күндеріне түссе, мұндай нәрестелерге кезекші педиатр - дәрігер барады.

Балалар учаскелік медбикесі балаға өмірінің бірінші айында әр 7 күн сайын 28 күн толғанға дейін барады. Содан кейін ол анасы мен баласын бір айлық кезінде емханаға алғашқы тексеруге шақырады. 

Жаңа туған нәрестелердің үйдегі патронажына не кіреді?

Балаға бірінші рет барған кезде медбике ата-анасымен танысады, төлқұжат мәліметтерін, сондай-ақ баланың барлық деректерін жазады, сонымен қатар анаға денсаулығына байланысты сұрақтар қояды, ана мен баланы хаттама бойынша тексереді. 

Медбикенің міндеті:

·             Анасы мен баланың денсаулығы туралы сұрау (шағымдар, сүт бездерінің жағдайы, физикалық белсенділігі, тамақтануы, ұйқысы, т.б.);

·             Ананың көңіл-күйін бағамдау, үйдегі қауіпсіздігіне және жаңа туған нәрестенің қажеттіліктеріне назар аудару;

·             Анаға сәбиге күтім жасау ережелерін, бала емізу, температура режимдерін сақтаудың маңыздылығын, т.б. үйрету, кеңес беру;

·             Баланы тексеру және қауіпті белгілер анықталған жағдайда дереу учаскелік дәрігерге хабарлау;

·       Отбасына дереу медицина ұйымына жүгінуді қажет ететін: тамақтану проблемалары, жаңа туған нәрестенің белсенділігінің төмендеуі, нәресте тыныс алуының минутына 60-тан аса жиілеуі, тыныс алудың қиындауы, қызба немесе температураның төмендеуі, құрысулар, қалтырау, т.б. қауіпті белгілері туралы хабардар ету, үйрету;

·             Вакцинациялау мерзімі туралы хабарлау;

·             Баланың дамуына, денсаулығына, және өміріне қауіп төндіретін әлеуметтік қатерлерге бастапқы бағалау жүргізу және оларды анықтаған жағдайда амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін емхананың әлеуметтік қызметкеріне хабарлау;

·             Қосымша көмекке мұқтаж балаларды анықтау және олар үшін жеке баруды жоспарлау (туу кезінде дене салмағы төмен балалар, АИТВ жұқтырған аналардан туған немесе ауырған балалар).

Мұның барлығын балаға одан әрі патронаж жасау кезінде ескеру маңызды. 

Жаңа туған нәрестеге алғаш барғаннан кейін медбике не істеуі керек?

Емханадағы жұмыс орнында медбике кішкентай пациентті БХТ АЖ-да тіркейді («Бекітілген халық тіркелімі» ақпараттық жүйесі), баланың амбулаториялық картасында тексеру нәтижелері туралы жазба жасайды, учаскелік педиатр дәрігерге үйде тексерудің нәтижелері туралы хабарлайды.

Егер медбике сәбидің денсаулығында орташа және жоғары қауіпті анықтаса, медициналық ұйым осындай баланы бақылауда ұстауы үшін және дәрігер қауіп дәрежесі мен факторларына сәйкес жеке бақылау жоспарын әзірлеуі үшін жалпы практика дәрігеріне, аға мейірбикеге, емхана меңгерушісіне хабарлайды. 

Егер емхананың патронаждық медбикесі келмеген жағдайда, ата-аналар не істеуі керек?

Егер перзентханадан шыққаннан кейін ана мен балаға патронаждық медицина қызметкері келмесе, ата-аналар нақты тұратын жері бойынша телефон арқылы емханаға жүгіне алады, баланың тууы туралы хабардар етеді және патронаж қағидаларына сәйкес баланы тұрақты тексеріп-қарау үшін медбикені үйге шақыра алады.

Егер сізде медициналық көмек алуға байланысты сұрақтар туындаса, өз емханаңыздағы Пациенттерді қолдау қызметіне хабарласуға болады. Сондай-ақ 1406 байланыс орталығы, «Qoldau 24/7» мобильді қосымшасы, Қордың www.fms.kz. сайты, Telegram-дағы Saqtandyrybot ресми кері байланыс арналары арқылы медициналық сақтандыру қорына өтініш бере аласыз. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры пациенттер құқығын қорғайды.

   

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы