17 Ақпан 2026, 06:35 Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Жаңа технологиялар – экономиканың қозғаушы күші: Министр студенттермен кездесті

Кездесу ашық диалог форматында өтіп, студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойды.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті студенттерімен кездесіп, еліміздегі білім беру мен ғылым жүйесінің қазіргі жай-күйі және оны дамытудың негізгі бағыттары туралы дәріс оқыды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесу барысында министр жоғары білім беру жүйесін жаңғырту, университеттердің академиялық дербестігін кеңейту, ғылыми зерттеулерді қолдау және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне тоқталды.

Сондай-ақ стратегиялық маңызы бар салалар – нанотехнологиялар, жасанды интеллект және робототехника бағыттарына ерекше назар аударылды. Министрдің айтуынша, бұл салалар алдағы жылдары экономикалық өсімнің негізгі драйверлеріне айналып, елдің ғылыми-технологиялық әлеуетін арттыруда шешуші рөл атқарады. Осыған байланысты кадр даярлау сапасын көтеру, заманауи зертханалар ашу және стартап жобаларды қолдау қажеттігі атап өтілді.

Кездесу ашық диалог форматында өтіп, студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Жиында цифрландыру, инновациялық экожүйе қалыптастыру және білім беру жүйесін еңбек нарығы талаптарына бейімдеу мәселелері талқыланды.

Кездесу соңында министр жастарды ғылыми зерттеулерге белсенді қатысуға, инновациялық жобаларды жүзеге асыруға және жоғары технологиялар саласында үздіксіз білім алуға шақырды.