Жаңа технология және жасыл энергия: KMG-дің жаңа кезеңі
“ҚазМұнайГаз” Ұлттық компаниясы алдағы жылдары мұнай-газ саласындағы қызметін сақтай отырып, геологиялық барлау, өндіру тиімділігін арттыру, мұнай-химия жобалары мен жаңартылатын энергия көздерін дамытуға басымдық береді. Бұл туралы компания басқармасының төрағасы Асхат Хасенов Kazakhstan Energy Week – 2025 форумында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біз мұнай-газ компаниясымыз және сол бағытта қала береміз. Бірақ бұл – өзгеріссіз қаламыз деген сөз емес. Біз үшін геологиялық барлау, жаңа ресурстар табу, өндіріс тиімділігі мен жаңа технологиялар маңызды басымдық болып қала береді, – деді Хасенов.
Оның айтуынша, қазіргі таңда компания геологиялық барлау бағытында 30 жобаны іске асыруда. Олардың бір бөлігі серіктестермен, бір бөлігі “ҚазМұнайГаздың" өз күшімен жүзеге асырылып жатыр.
Сондай-ақ компания мұнай өндіру тиімділігін арттыру үшін жаңа технологияларды енгізуде. Бұл бағытта нақты нәтижелер бар екені атап өтілді.
Үшінші негізгі басымдық – газ-химия және мұнай-химия саласындағы жобалар. Атап айтқанда, компания жаңа зауыт салуды, сондай-ақ өңірлік өндірісті әртараптандыруды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар декарбонизация мен жаңартылатын энергия көздері де компания портфелінің бір бөлігіне айналған. Бір апта бұрын күн және жел энергиясы бойынша алғашқы жоба іске қосылған. Алдағы уақытта тағы басқа жоба жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр.
Жаңа энергия көздері, баламалы шешімдер – бұл біздің болашақтағы мүмкіндігіміз. Біз үшін кез келген сын-қатер – бір мезетте жаңа мүмкіндік, – деді Асхат Хасенов.
Айта кетейік, елордада Kazakhstan Energy Week – 2025 апталығы және XVI Еуразиялық KAZENERGY форумы өз жұмысын бастады. Форумда әлемдік энергетиканың болашағын айқындайтын басты сын-қатерлер мен жаңа мүмкіндіктер талқыланады.
Ауқымды іс-шараның басты ақпараттық серіктесі – "Qazcontent" АҚ.