14 Тамыз 2026, 06:35 Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Жаңа технология: Қазақстанда тамырға біртіндеп сіңетін каркас алғаш рет қолданылды

Пациенттерге жоғары технологиялық медициналық көмек МӘМС аясында тегін көрсетілді.

Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында биорезорбцияланатын магний скаффолдтарын қолдану арқылы төрт пациентке жоғары технологиялық коронарлық операция жасалды.

Жаңа технология интервенциялық кардиология бойынша өткен халықаралық мастер-класс аясында қолданылды. Магний скаффолды – тарылған коронарлық артерияға орнатылатын уақытша тамырлық каркас. Ол қан ағымын қалпына келтіруге көмектеседі және дәстүрлі металл стенттерден айырмашылығы, белгілі бір уақыттан кейін организмге біртіндеп сіңіп кетеді.

«Мұндай технология тамырдың каркастың қолдауымен қалпына келу кезеңінен өтуіне мүмкіндік береді, содан кейін ол біртіндеп резорбцияланады. Бұл тамыр қабырғасының табиғи қалпына келуіне қосымша мүмкіндіктер ашады», – деді КІА ҒЗИ рентгенэндоваскулярлық операциялық блогының меңгерушісі Алексей Колесников.

Жаңа технологияны енгізу бойынша өткен мастер-классқа Германиядағы Klinikum Fürth клиникасының интервенциялық кардиология маманы, күрделі коронарлық араласулар бойынша сарапшы доктор Стильянос Пиксарас қатысты.

Мастер-класс барысында қазақстандық мамандар биорезорбцияланатын скаффолдтарды қолданудың заманауи әдістерін, пациенттерді іріктеу талаптарын және коронарлық артериялардың күрделі зақымдануы кезінде операция жүргізу ерекшеліктерін меңгерді.

Төрт операцияның барлығы сәтті өтті. Пациенттерге жоғары технологиялық медициналық көмек МӘМС аясында тегін көрсетілді.

Жаңа технологияны интервенциялық кардиология тәжірибесіне енгізу коронарлық тамыр аурулары бар пациенттерді емдеу мүмкіндіктерін кеңейтіп, Қазақстанда жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.