«Жаңа тарихи кезең басталды»: Құрылтай қазақстандықтарға үндеу жасады
Депутат Айдос Сарым Президент Жолдауындағы басымдықтарды атап өтіп, қазақстандықтарды ел болашағы жолында бірлік пен ортақ іске жұмылуға шақырды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын азаматтарымыз ерекше ықыласпен қабылдады. Президент Жолдауында қамтылған маңызды бастамалар мен нақты мақсат-міндеттер қоғам тарапынан үлкен қолдау тапқанын көріп отырмыз. Шын мәнінде, жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі Мемлекет басшысының алғашқы Жолдауы ел тарихындағы жаңа, сапалы кезеңге жол ашады. Сонымен қатар туған Отанымыздың алдағы онжылдықтардағы даму бағытын айқындайды, – деді Құрылтай отырысында үндеуді оқыған депутат.
Оның сөзінше, Қазақстан әлемдегі күрделі әрі болжап болмайтын жағдайларға қарамастан, соңғы жеті жылда түбегейлі реформаларды батыл жүзеге асырды. Бұл өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесімен ғана шектелмей, саяси жүйеге, қоғамдық этика мен азаматтардың санасына да ықпал етті.
Осы уақыт аралығында мемлекеттік басқарудың архитектурасы ғана емес, тұтас саяси жүйе, қоғамдық этика мен сана өзгерді. Азаматтарымыз мемлекет ісіне белсенді араласып, мемлекеттік шешімдерге тікелей ықпал ете бастады. Жаңа қоғамдық келісім әлеуметтік-экономикалық өсімнің берік іргетасына айналып отыр. Президент Тоқаевтың стратегиялық көрегендігінің арқасында Қазақстан халықаралық аренада беделді орта держава және жаһандық диалогтың мойындалған орталығы деңгейіне көтерілді. Табанды әрі ымырасыз өзгерістер Әділетті, Қуатты, Таза және Прогрессивті Қазақстанды құрудың негізіне айналды. Мұның бәрі, ең алдымен, халқымыздың саналы таңдауының, береке-бірлігі мен ұлттық рухының беріктігінің арқасы деп білеміз, – деп атап өтті Айдос Сарым.
Депутат биылғы Жолдауды елдің алдағы жоспарлары мен іс-қимылына негіз болатын маңызды құжат ретінде бағалады. Оның айтуынша, Президент экономикалық капиталды инфрақұрылымды жаңартуға, әлеуметтік саланы дамытуға және халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағыттау міндетін қойып отыр.
Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы – жаңа жоспарларымыз бен іс-қимылымыздың доктринасы. Онда алдымызға тарихи міндет қойылды. Ол – бүкіл экономикалық капиталды инфрақұрылымды түбегейлі жаңартуға, әлеуметтік саланы сапалы дамытуға және қазақстандықтардың тұрмыс деңгейін көтеруге жұмылдыру. Бұл игі бастамалардың өзегінде адам, оның құқығы мен қадір-қасиеті, ертеңгі күнге деген сенімі тұр, – деді ол.
Айдос Сарым Президенттің 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялауына да тоқталды. Оның пікірінше, бұл бастама елдегі инженерлік, жол-көлік, медициналық және мәдени нысандарды жаңғыртуға тың серпін береді.
Президент 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялады. Осы бастама аясында еліміздің барлық өңірінде инженерлік, жол-көлік, медициналық және мәдени нысандар бой көтереді. Бұл – коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған бұрын-соңды болмаған жоба, – деді Құрылтай депутаты.
Ол Жолдауда елдің индустриялық-технологиялық дамуына қажетті тетіктерді әзірлеу мәселесіне де басымдық берілгенін атап өтті. Алдағы міндеттердің қатарында энергетикалық дербестікті нығайту, транзиттік тасымалды арттыру, ауыл шаруашылығын жандандыру және Қазақстанды Еуразияның көлік-логистикалық орталығына айналдыру бар.
Мемлекет басшысы еліміздің индустриялық-технологиялық тұрғыда жедел дамуына қажетті тетіктер әзірлеу керектігіне ерекше назар аударды. Алдымызда энергетикалық дербестікті қамтамасыз ету, транзиттік тасымалды арттыру, ауыл шаруашылығын жандандыру және елімізді Еуразияның көлік-логистикалық орталығына айналдыру сияқты ауқымды міндеттер тұр. Сонымен қатар Президент цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту бағытында нақты шаралар бағдарламасын қабылдауды тапсырды. Технологиялық жаңғыру еңбек өнімділігін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың табысын өсіруге тікелей ықпал етеді, – деді Айдос Сарым.
Депутат Жолдауда әлеуметтік саясаттың өзекті мәселелері де кеңінен қамтылғанын айтты. Атап айтқанда, кәсіпкерлікті қолдау, инвестиция тарту, салық және қаржы жүйесін жетілдіру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген.
Мемлекет басшысы әлеуметтік саясаттың ең өзекті мәселелерін де назардан тыс қалдырған жоқ. Кәсіпкерлікті қолдау, инвестиция тарту, салық және қаржы жүйесін жетілдіру мәселелеріне айрықша мән берілді. Инфляцияны тежеу, әлеуметтік көмекті шын мұқтаж азаматтарға бағыттау, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау және инклюзивті білім беруді дамыту бастамалары да азаматтардың көңілінен шығып отыр, – деді ол.
Айдос Сарым Құрылтай Президент айқындаған ұлттық жаңғыру бағдарламасын толық қолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ оны заңнамалық, сараптамалық және қоғамдық тұрғыдан ілгерілету үшін бар күш-жігерін жұмылдыратынын айтты.
Сөз соңында депутат қазақстандықтарды ел болашағы мен мемлекеттің өркендеуі жолында бірлік танытып, ортақ іске атсалысуға шақырды.
Қадірлі қазақстандықтар! Президенттің Жолдауы халқымыздың талап-тілегімен толық үйлесім тауып отыр. Ендігі міндетіміз – осы іс-шараларды ел болып еңсеру. Ұлы мақсаттар қай кезде де ұлы бірлікті талап етеді. Мемлекет басшысы айтқандай, «Дәл осындай жауапты кезеңдерде ұлттың мінезі айқын көрінеді. Енжарлық пен бейқамдық танытқан ел тарихта жеңімпаз ұлт болмайтыны анық». Жеңімпаз ұлттың, жасампаз ұлттың күші – береке-бірлікте! Сондықтан осындай тарихи сәтте әр азаматты, тұтас қоғамды болашақ үшін, мемлекетіміздің өркендеуі үшін бірігуге, игі істерге жұмыла атсалысуға шақырамыз! – деді Құрылтай депутаты.