Жаңа Су кодексі әзірленді
Су ресурстарын тиімді басқару шараларын әзірлеп, енгізу көптеген елдермен қатар, еліміз үшін де аса маңызды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл тұрғыда Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен әзірленген жаңа Су кодексі жобасының маңызы ерекше. Құжат Парламент Мәжілісіне енгізілген және су тасқыны мен құрғақшылық сияқты төтенше жағдайларды болжау, жоспарлау және оларға уақытылы ден қоюды қамтамасыз ете отырып, заманауи су ресурстарын пайдаланудың маңызды құралына айналады.
PrimeMinister.kz редакциясы су ресурстары мен суару саласында қандай нәтижелерге қол жеткізілді, еліміздің су заңнамасы қалай жаңғыртылатыны туралы Министрліктің 2024 жылғы I жартыжылдықтағы жұмысының қорытындылары қамтылған шолу материалын ұсынады.
Қазақстанның су шаруашылығы саласын трансформациялау шеңберінде үш негізгі бағытты бөліп көрсетуге болады.
Біріншісі – су үнемдеу саясатын қалыптастыруға, сұранысты басқаруға, тазартылған сарқынды суларды қайта пайдалануға бағытталған түбегейлі жаңа нормативтік-құқықтық база әзірленіп жатыр. Жаңа Су кодексінің жобасына сәйкес тазартылған сарқынды сулар сумен жабдықтау көздерінің біріне айналып, экономика салаларында белсенді түрде пайдаланылатын болады.
Екіншісі – су шаруашылығы инфрақұрылымын толыққанды жаңғырту, су үнемдеудің озық технологияларын енгізу, суды есепке алу мен бөлуді цифрландыру, сондай-ақ жаңа тарифтік саясат пен халық, кәсіпорындар арасында су үнемдеу мәдениетін енгізу.
Үшіншісі – көрші мемлекеттермен трансшекаралық ынтымақтастықты күшейтуге ерекше көңіл бөлінеді. Сондай-ақ Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етеді, бұл су ресурстарын сақтау әрі ұтымды пайдалану жөніндегі бірлескен жобалар мен бастамалар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Нормативтік-құқықтық база
Жаңа Су кодексі жобасында суды пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау мен қадағалауды күшейтуге бағытталған маңызды өзгерістер талқыланды. Осылайша, құжат жобасы уәкілетті ведомство мен бассейндік инспекцияларға қадағалау функцияларын жүктейді. Қолданыстағы Кәсіпкерлік кодекске бассейндік инспекциялар мен мемлекеттік су инспекторларының функцияларын кеңейту, мемлекеттік бақылау мен қадағалау нысандарын өзгерту, сондай-ақ жедел әрекет етудің жаңа құралдарын енгізу бойынша толықтырулар енгізу ұсынылады.
Су саласын цифрландыру, шаруаларды мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру, заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу және неғұрлым үнемді ауыл шаруашылығы дақылдарына көшу шаралары басқа стратегиялық құжатта көрсетілген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Министрлік 2024-2026 жылдарға арналған Су үнемдеу жөніндегі жол картасын әзірледі.
Сондай-ақ Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына өзгерістер енгізілуде. Су тасқынының алдын алу және олардан келтірілген залалды азайту үшін кешенді ғылыми зерттеулер жүргізу көзделеді. Су тасқынын болжау мен үлгілеуді жетілдіру, кадрлық әлеуетті арттыру, инфрақұрылымды дамыту шаралары күшейтілуде.
Су ресурстары және ирригация министрлігі су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 28 жобаны іске асыруды бастады. Нәтижесінде 1,1 млн адам тұратын 426 елді мекенде ауыз сумен қамтамасыз ету сапасы жақсарады. Жалпы ұзындығы 2 мың шақырымнан асатын су құбырларын салу және реконструкциялау жоспарланған. Сондай-ақ 10 өңірдегі 96 гидротехникалық құрылысқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
2024 жылы Үкімет бекіткен Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы жаңа 20 су қоймасын салу, 15 су қоймасы мен 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналдарды реконструкциялау, сондай-ақ еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су тапшылығын азайту мақсатында гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту бойынша бірқатар шұғыл шаралар қарастырылған.
Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында 3,5 мың шақырым суару желісін цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Қызылорда облысында 2,6 мың шақырым суару каналдарын автоматтандыру жоспарланған. 17 нысан бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.
Бірінші жартыжылдықта Қазақстан Үкіметі Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтын құру туралы қаулыны бекітті. ҒЗИ экологиялық проблемаларды, су деңгейінің төмендеуін, итбалықтар мен балықтардың жаппай қырылу себептерін, Каспий итбалығының популяциясын сақтау мәселелерін, ихтиофаунаны, Каспий акваториясын мен жағалауын зерттейтін болады.
Су ресурстары және ирригация министрлігі және «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясымен ынтымақтастығы нәтижесінде Су ресурстарының бірыңғай ақпараттық жүйесі құрылатын болады. Ол елдегі су шаруашылығы нысандарының жай-күйі туралы ақпаратты қамтиды, су ресурстарын соңғы тұтынушыға дейін бөлу мен пайдалануды бақылауға мүмкіндік береді.
Халықаралық ынтымақтастық
2024 жылдың басынан бастап Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық Қазақстанға өтті. Бейінді министрлік Дүниежүзілік банкпен бірге іске асырылатын Солтүстік Арал теңізін сақтау жөніндегі жобаның екінші кезеңін іске асыруды жоспарлап отыр.
Мемлекетаралық су шаруашылығы үйлестіру комиссиясының 86 отырысында су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов суару маусымы кезінде «Достық» мемлекетаралық каналы арқылы Қазақстанға 922 млн текше метр су беру туралы уағдаласты.
Шу-Талас су шаруашылығы комиссиясының 33 отырысында Қазақстанға Қырғызстаннан Шу өзені бойынша 180 млн текше метр және Талас өзені бойынша 380 млн текше метр су беру туралы келісімге қол жеткізілді.
Сондай-ақ Қазақстан Өзбекстанмен екі ел тұтынатын судың нақты көлемін есептеуге мүмкіндік беретін есептегіштерді орнату туралы келісті. Бұл ретте Қазақстан Өзбекстан аумағында есептегіштер орнатады, ал өзбек жағы — бізге.
Сонымен қатар Министрлік «Орталық Азия елдері арасында су-энергетикалық ынтымақтастық тетігін құру туралы» келісімнің жобасын әзірлеуде.
2024 жылы Қазақстан Халықаралық су ағындарын кеме қатынасынан бөлек пайдалану құқығы туралы БҰҰ Конвенциясына қосылды. Конвенция трансшекаралық өзендердің, көлдердің және олармен байланысты жер асты суларының әділ бөлінуін қамтамасыз ететін, сондай-ақ олардың пайдаланылуын реттейтін халықаралық құжат саналады.
Шаруаларды қолдау
Су ресурстары және ирригация министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, су үнемдеу жүйелерін орнатқан фермерлерге субсидияларды 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтты, бұл қазіргі заманғы суару жүйелерін сатып алу және барлық қажетті инфрақұрылымды жүргізу шығындарын өтеуге көмектеседі. Ұңғымаларды бұрғылау шығындарын субсидиялау көлемі 80%-ға дейін өсті.
Елімізде суару маусымы басталғалы 20 мыңнан астам шаруаға 2,8 млрд текше метр су берілді. Бүгінгі таңда вегетация кезеңі штаттық кестеге сай өтіп жатыр.
Суару маусымына дайындық барысында 102 гидропост жөнделді және қалпына келтірілді, 775 гидропост аттестаттаудан өтті. Ауыл шаруашылығы алқаптарына су беруді жақсарту үшін 6 облыста 651 шақырымнан астам суару желілері тазартылды. Сондай-ақ Қазақстанның 8 өңірінде 74 гидротехникалық құрылыс жөнделді.
Жыл басында шаруалардың өтініші бойынша су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов «Қазсушар» РМК филиалдарына фермерлермен делдалсыз тікелей шарт жасасуды тапсырды. Осының нәтижесінде биыл бірқатар өңірде шаруалар үшін суармалы судың бағасы арзандады.
Су тасқыны кезеңі
Биылғы су тасқыны кезеңінде еліміздің су шаруашылығы нысандары тасқын суын қауіпсіз өткізуді қамтамасыз етіп қана қоймай, су қоймаларын толтыруға, соңғы жылдары құрғап бара жатқан өзендер мен көлдерге, сағаларға, табиғи жайылымдарға және басқа да нысандарға су жіберуге мүмкіндік берді.
Еліміздегі су қоймаларына 75 млрд текше метр су жиналды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15 млрд текше метрге артық. Жиналған судың 12 млрд-тан астамы — тасқын суы.
Су тасқыны басталғаннан бері Балқаш көліне 3,3 млрд текше метр су, ал Каспий теңізіне шамамен 6 млрд текше метр су жіберілді. БҚО-ның Қамыс-Самар көлдеріне 80 млн текше метр су барды, Ұлытау облысынан Қызылорда облысының көлдер жүйесіне су жіберілді. Тобыл өзенінде 2000 жылдан бері алғаш рет қарқынды су ағыны байқалды.
Жиналған тасқын суы негізінен ауылшаруашылығы мен өнеркәсіпте пайдаланылады. Сондай-ақ жайылмалар мен шабындықтарға бағытталған тасқын суы мал шаруашылығын қажетті жем-шөп қорымен қамтамасыз етуге оң әсер етеді.
Астана су қоймасын тасқын суымен толтыру 2 млрд теңгеге дейін қаражат үнемдеуге мүмкіндік береді. Былтыр Астана су қоймасындағы су көлемі қаланы ауыз сумен толық қамтамасыз етуге жетпеді, сондықтан су қоймасын Қ. Сәтбаев атындағы каналдан қосымша толтыруға тура келген болатын. Биыл Астана су қоймасын толтыру көрсеткіші 99,6%. Бұл жыл бойы елорда тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ Есіл өзенінің гидрологиялық жай-күйін жақсарту мүмкіндік береді.
Білікті кадрларды даярлау
Үкімет Қаулысына сәйкес, Таразда Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті жұмыс істейді. Жаңа білім беру бағдарламалары – «Су шаруашылығы және мелиорация», «Геодезия және картография», «Су шаруашылығындағы гидротехникалық құрылыс», «Сумен жабдықтаудың инженерлік жүйелері», «Су шаруашылығындағы инновациялық технологиялар» енгізілетін болады. 2024-2025 жылдарға арналған мемлекеттік білім беру тапсырмасының бакалавриат, магистратура және докторантура бойынша 245 орынға нысаналы квотасы бөлінді. Бүкіл дайындық циклі үшін жалпы контингент 4 мың білім алушыны құрайды.
Білікті кадрлардың жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі су саласы мамандықтарының тартымдылығын арттыру бойынша шаралар қабылдап жатыр. Мысалы, «Болашақ» бағдарламасына өзгерістер енгізілді: «Гидрогеология», «Су ресурстары» және «Су қауіпсіздігі» секілді су саласының мамандықтары енгізілді. Осы жылдан бастап қазақстандық студенттер олар бойынша шетелде білім ала алады.
Бірінші жартыжылдықта Су ресурстары және ирригация министрлігі Нидерланды Корольдігімен су тасқынына қарсы іс-қимыл және су саласының мамандарын даярлау жөніндегі меморандумдарға қол қойды. Бірінші құжат су шаруашылығы құрылыстарын салу және пайдалану, су тасқынын болжау және су тасқынына қарсы іс-шараларды жоспарлау мәселелерінде ынтымақтастық орнатуды көздейді. Дельфт су білімі институты (IHE Delft) қол қойған екінші меморандум су саласының мамандарын даярлауға, су саласындағы ғылым мен инновациялық технологиялар саласындағы өзара іс-қимылға қатысты.
Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, су ресурстары саласындағы жетекші ғылыми және білім беру ұйымдарының консорциумы құрылды. Консорциум жұмысының басым бағыттарының бірі – тұщы су қорларын іздестіру және ұлғайту.
Биыл су саласының 450-ден астам қызметкері мамандандырылған орталықтарда біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.
Су және ирригация министрлігі 9 жоғары оқу орнымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Енді осы оқу орындарының студенттері «Қазсушар» мемлекеттік кәсіпорнының филиалдарында өндірістік тәжірибеден өте алады.
М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтымен қос дипломды білім берудің бірлескен бағдарламасы туралы меморандумға қол қойды. Осылайша, су саласындағы мамандықтар бойынша оқитын қазақстандық ЖОО студенттері көрші мемлекеттің оқу орнының дипломын да ала алады.
Әлеуметтік қамсыздандыру
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбекақысы тарифтік қаражаттан төленетін «Қазсушар» РМК мамандарының жалақысы орта есеппен 23%-ға өсті. Бұл кәсіпорын қызметкерлерінің жалпы санының 47%-ын құрайды.
1 мамырдан бастап «Қазсушар» мамандарының жалақысы 25%-ға өсті, олардың еңбегі республикалық бюджеттен төленеді.