Жаңа шағын ауданның аумағы кеңейеді
Павлодарда «Достық» шағын ауданын кеңейту үшін саяжай учаскелері босталып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Бүгінде «Строитель» бағбаншылығындағы учаскелерді қайтару жұмыстары жалғасын табуда. Саяжай аумақтарын стапы алып, мемлекетке қайтару шаралары соңғы бірнеше жыл бойы жүргізіліп келеді. Биян жер аумақтарын қайтаруға 130 млн теңге жұмсалады.
Мамандардың айтуынша, 2014 жылдан бері 900-ге жуық жер учаскесі сатып алынған.
Мемлекет қажеттілігі үшін жер учаскелерін қайтару жұмыстары келесі жылға да жоспарланған. Саяжайды алмас бұрын бағалау жұмыстары жүргізіледі. Кейін нысан иесінің келісімі бойынша сатып алынады. Бағаны нарық реттейді, - дейді Павлодар қалалық жер қатынастары бөлімінің мамандары.
Еске сала кетейік, биыл 36 учаске мемлекет қажеттілігіне қайтарылады. Бүгінгі күнге дейін қалалық мәслихат депутаттары оң келісімін беріп үлгерді. Олардың орнына «Достық» ауданының тұрғындары үшін 300 орындық мектеп салынады. Сонымен қатар, бірнеше балабақша мен емхана салу жоспарланған.
Айта кетейік, шағын аудан құрылысы соңғы жылдары қарқынды жүрып жатыр. Қазіргі уақытта ондаған көпқабатты үй салынып, пәтерлер өз иелерін тапты. Алдағы жылдары қаланың жаңа бөлігіне дейін трамвай желісін ұзарту жоспарланған. Жобалық құжаттама келісіліп жатыр.