Жаңа Салық кодексі: Кімдерге жеңілдік беріледі?
Жаңа Салық кодексінде бірқатар салаға жеңілдіктер қарастырылған. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі Салық және кеден саясаты департаментінің бас сарапшысы Жазира Мыңбаева мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексі мен оған ілеспе заңдарға қол қойды. Өздеріңіз білесіздер, жаңа Салық кодексі Президенттің бірқатар тапсырмасын орындау шеңберінде әзірленді. Салық есептілігінің 30%-ға қысқаруы, салық салығының 20%-ға қысқаруы, сонымен қатар салық мөлшерлемесін сараландыру мен инвестицияны жұмылдыруға көптеген белсенділігін арттыру жүйелерін қарастыру, сән-салтанат заттарына салық жүктемесін арттыру маңызды өзгерістер болып саналады. Әлеуметтік салаға, оның ішінде: білім, медицина саласына 10% корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі белгіленген. Дамытуға байланысты «Бәйтерек» ұлттық қорынан шығарылған бағалы қағаздар корпоративтік табыс салығынан босатылады, - деп атап өтті сарапшы.
Сонымен қатар ведомство өкілі қосылған құн салығына да тоқталды.
Енді қосылған құн салығына келетін болсақ, бұл жерде де сараланған мөлшерлеме белгіленді. Базалық мөлшерлеме ретінде 16%-ды мөлшерлеме ұсынылып отыр. Медициналық қызметтерге және дәрі-дәрмектерге төмендетілген 10% мөлшерлеме ұсынылды. Бұл 2026 жылдан бастап 5%, 2027 жылдан бастап 10% көлемінде болады. ҚҚС бойынша базалық мөлшерлеме 16% болып белгіленді. Бұл ретте дәрілік өнімдерге және медициналық қызметтерге төмендетілген мөлшерлеме ұсынылып отыр. Ол – 10% көлемінде, - деді Жазира Мыңбаева.
Айтуынша, жаңа Кодекске сәйкес, бірнеше сала ҚҚС-дан босатылады.
Кітап өнімдерін шығаратын баспаларға және археология жұмыстарына ҚҚС-дан босату көзделген. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге ҚҚС есепке жатқызу бойынша 70%-дық үлесін 80%-ға арттырып отыр. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген салық жүктемесін азайтуға бағытталған. ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 20 АЕК-тен 10 АЕК-ке төмендетілді, - деді спикер.