Жаңа Салық кодексі кәсіпкерлерге қалай әсер етті: МКК өкілі жауап берді
Негізгі өзгерістердің бірі – арнаулы салық режимдерінің кеңеюі және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жаңа тетіктің енгізілуі.
Мемлекеттік кірістер комитеті департамент директорының міндетін атқарушы Ерқанат Шынберген Жаңа Салық кодексінің кәсіпкерлерге әсері туралы пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, өзгерістер көп болғанымен, жалпы динамикада кәсіпкерлер санының азаюы байқалмайды. Керісінше, өсім бар.
Көп өзгеріс болды. Бірақ жалпы динамикаға қарасақ, кәсіпкерлер санының төмендеуі байқалмайды, керісінше өсім бар. Бұл, ең алдымен, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режимнің енгізілуіне және жеңілдетілген декларация негізіндегі жаңа режимге байланысты. Себебі бұл бағыттар бойынша шекті көрсеткіштер ұлғайтылды, талаптар өзгертілді, кейбір шектеулер алынып тасталды. Жалпы алғанда, жеңілдетілген режим анағұрлым икемді бола түсті. Осыған байланысты кәсіпкерлер санының азаюын байқап отырған жоқпыз, динамика оң, – дейді Ерқанат Шынберген.
Ол кәсіпкерлік саласында ашылу мен жабылу үдерісі қалыпты құбылыс екенін атап өтті.
Бұл – жыл сайын болатын қалыпты процесс. Бірі жабылады, бірі ашылады. Дегенмен бізде тіркелген кәсіпкерлер саны бойынша оң өсім байқалады, – деді ол.
Сонымен қатар МКК өкілі нақты қорытынды жасауға әлі ерте екенін айтты.
Жалпы кесіп айтуға ертерек. Бізде декларация тапсыру кезеңі жарты жылдық негізде жүргізіледі. Нақты нәтижелер бойынша толық сараптаманы 2027 жылы жасауға болады, – деді Шынберген.
Оның сөзінше, негізгі өзгерістердің бірі – арнаулы салық режимдерінің кеңеюі және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жаңа тетіктің енгізілуі.
Қазірдің өзінде жақсы нәтижелер бар. Бүгінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 400 мыңнан асты. Олардың қатарында бұрын жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, салық органдарында есепте тұрмаған азаматтар бар. Қазір олар көлеңкелі экономикадан шығып жатыр. Сондықтан бұл механизмді тиімді құрал ретінде қарастырамыз, – деді ол.
Шынбергеннің айтуынша, негізгі мақсат тек салық жинау емес.
Мәселе тек салық түсімінде емес. Бұл – азаматтардың әлеуметтік төлемдерді заңды түрде жүргізіп, өз қызметін ресми түрде жүзеге асыруына мүмкіндік беру, – деп түйіндеді ол.