Жаңа Салық кодексі: Кәсіпкерлер нені ескеруі керек? Сарапшы маңызды кеңес берді
Қазақстанда жаңа Салық кодексіне енгізілген өзгерістер кәсіпкерлердің салық жүктемесіне әсер етуі мүмкін. Әсіресе оңайлатылған декларация негізінде жұмыс істейтін жеткізушілерден тауар немесе қызмет сатып алатын бизнес өкілдері бірқатар талапты ескеруі керек. ҚР салық кеңесшісі, кәсіби бухгалтер Ляпина Марина кәсіпкерлерге жыл соңына дейін атқаруы қажет жұмыстарды түсіндіріп, бірнеше маңызды кеңес берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Маманның айтуынша, жаңа Салық кодексіндегі негізгі өзгерістердің бірі – оңайлатылған декларация режимін қолданатын жеткізушілерден сатып алынған тауарлар, жұмыстар мен қызметтерге жұмсалған шығындарды шегерімге жатқызуға тыйым салынуы.
Бұл өзгеріс әсіресе тұрақты бухгалтері жоқ, салық есебін өз бетінше жүргізетін кәсіпкерлер үшін маңызды.
Сарапшының сөзінше, ең алдымен кәсіпкерлер өз жеткізушілерінің қандай салық режимінде жұмыс істейтінін тексеруі керек. Егер олардың арасында оңайлатылған декларация режимін қолданатын компаниялар болса, олардан сатып алынған тауарлар мен қызметтердің құнын корпоративтік табыс салығын (КТС) есептеу кезінде шегерімге жатқызу мүмкін болмайды.
Сондықтан маман мұндай жеткізушілердің жеке тізімін жасап, олардан алынатын тауарлар мен қызметтердің жалпы шығындардағы үлесін есептеуге кеңес береді. Осылайша кәсіпкер қандай шығындарды салық салынатын табыстан шегере алмайтынын алдын ала біледі.
Бұдан бөлек, кәсіпкерлерге жыл бойы әр тоқсан сайын корпоративтік табыс салығының болжамды мөлшерін есептеп отыру ұсынылады.
Әдетте оңайлатылған декларация режимінде жұмыс істейтіндер әр алты ай сайын 3 пайыз салық төлеп, сонымен шектеліп үйренген. Ал қазір жылдық есеп жүргізу қажет болады және салық мөлшерлемесі де жоғары. Сондықтан жыл соңында төленетін салық сомасы күтпеген шығынға айналуы мүмкін. Оған алдын ала дайындалып, есептеп отырған дұрыс, – дейді Ляпина Марина.
Салық кеңесшісі қосылған құн салығына (ҚҚС) әлі тіркелмеген кәсіпкерлерге де ерекше назар аударуға кеңес береді. Олар ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегін тұрақты бақылап отыруы керек.
Маманның айтуынша, кәсіпкерлер биылғы табысын қайта қарап, қараша мен желтоқсан айларында қандай сомаға актілер мен жүкқұжаттарға қол қойылатынын есептегені жөн. Егер жыл соңына дейін белгіленген шектен асып кетсе, ҚҚС бойынша тіркеуге тұруға өтініш беру мерзімін өткізіп алмау маңызды.
Ал оңайлатылған декларация режимін қолданатын кәсіпкерлер алдымен осы режимде жұмыс істеуге құқығы бар-жоғын тексеруі қажет. Себебі қызмет түрлеріне, яғни ЭҚЖЖ кодтарына қатысты шектеулер бар.
Сонымен қатар жалпыға бірдей белгіленген салық режимінде жұмыс істейтін клиенттері оңайлатылған режимдегі кәсіпкерден жалпы режимге көшуді сұрауы мүмкін. Мұндай жағдайда шешімді асығыс қабылдамаған жөн.
Сарапшы алдымен жалпы режимдегі клиенттердің жалпы сатып алушылар ішіндегі үлесін және олар әкелетін табыстың көлемін есептеуге кеңес береді. Содан кейін ғана бизнестің қаржылық тиімділігін саралап, салық режимін өзгерту туралы шешім қабылдау қажет.
Ляпина Марина барлық кәсіпкерлерге салық төлеушінің жеке шотын үнемі тексеріп отыруды ұсынады. Сондай-ақ салық төлеушінің кабинетіндегі хабарламаларға назар аудару керек.
Себебі уақытында өтелмеген берешек немесе жауапсыз қалған салық хабарламалары банк шоттарының бұғатталуына әкелуі мүмкін. Бұл кәсіпкердің жұмысына кедергі келтіріп, бизнес процесін толық тоқтатуы ықтимал.
Сарапшы 2026 жылдың тәжірибесі кәсіпкерлердің салық жүктемесі тек салық мөлшерлемесіне ғана емес, кіммен жұмыс істейтініне де байланысты екенін көрсеткенін атап өтті.
Бұрын кәсіпкердің салық режимі өзінің ішкі шаруасы саналса, енді ол іскерлік серіктестерінің де салық режиміне тәуелді бола бастаған. Сондықтан маман кәсіпкерлерге жеткізушілерін тексеріп, шығындары мен салық міндеттемелерін алдын ала есептеуге, қаржылық жағдайын тұрақты талдауға кеңес береді.
Бұған дейін экономист Максим Барышев кәсіпкерлер үшін салық жүйесінде нені өзгерту қажет екенін түсіндірді.