Жаңа Салық кодексі бюджеттік дағдарыстың алдын алады – экономист

Қазақстан жаңа Салық кодексі арқылы бюджеттің мұнай бағасына тәуелділігін азайтады. Бұл туралы экономист Эльдар Шамсутдинов айтты, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, жаңа Салық кодексін қабылдау экономикалық негізделген қадам.

Әлемдік нарықтардағы жоғары тұрақсыздық пен мұнай бағасының құбылмалығы жағдайында фискалдық тұрақтылық тәуекелдері пайда болады, яғни бюджет кірістері тұрақты емес. Сондай-ақ тұтынушылық және ипотекалық несиелендірудің арқасында ішкі тұтыну тез өсіп келеді. Осындай жағдайда салық жүктемесін тұтынушыға арттыру толық негізделген қадам, – деді экономист.

Ол қосымша құн салығын 12%-дан 16%ға көтеруге қатысты ойын айтты.

ҚҚС-ны 16%-ға арттыру мұнайға байланыссыз кірістерді арттыруға мүмкіндік береді, бюджеттің мұнай бағасына тәуелділігін азайтады, экономикалық өсімге қысым жасамай сол фискалдық тұрақтылыққа қол жеткізеді. Мен бұл туралы бұрыннан айтып жүрмін, өйткені инвесторлар үшін фискалдық тұрақтылық өте маңызды, бұл мемлекеттің өз қарыздарын төлей алу қабілетін көрсетеді. Адамдар бюджеттік дағдарыстың өте қауіпті нәрсе екенін ұмытпауы керек. Бұл соның алдын алу қадамы, – деді ол.

Сондай-ақ ол Салық кодексінен қандай нәтиже күтілетінін атап өтті.

Енді нәтиже бойынша бюджетке қандай кірістер түсетінін көру қажет, өйткені бұл қазір өте маңызды. Егер салық кодексі қазіргі күйінде мұнай кірістеріне тәуелділікті азайтуға мүмкіндік берсе, бұл өте жақсы, – деді Эльдар Шамсутдинов.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексіне және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға қол қойды

Сондай-ақ, жаңа Cалық кодексінде бірқатар салаға жеңілдіктер қарастырылғанын жазған болатынбыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы