24 Шілде 2026, 11:07

Жаңа Салық кодексі бағаға қалай әсер етеді? – «Атамекен» жауап берді

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жәркеновтің айтуынша, бағаға нақты болжам жасау қиын. 

Жаңа Салық кодексіне енгізілетін түзетулердің тауар бағасына қалай әсер ететіні әзірге нақты белгісіз, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бұл туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жәркенов айтты.

Оның сөзінше, салықтағы өзгерістердің бағаға ықпалын бір ғана фактормен байланыстыру дұрыс емес.

Баға қалай өзгереді деп нақты айту қиын. Өйткені оған тек салық емес, көптеген фактор әсер етеді. Сондықтан баға дәл осылай өзгереді деп кесіп айтуға болмайды, – деді Тимур Жәркенов.

Сонымен бірге ол ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне қосылған құн салығын (ҚҚС) қайтарудың бұрынғы тетігін қайта енгізу бағаның тұрақталуына ықпал ететінін айтты.

Үкіметпен келіссөз жүргізіп, ҚҚС қайтарудың бұрынғы тәртібіне қайта оралуға қол жеткіздік. Бұл кем дегенде бағаның өсуіне жол бермей, оның тұрақтануына әсер етеді, – деді ол.

Тимур Жәркеновтің айтуынша, бұл мәселе Ауыл шаруашылығы министрлігімен, Ұлттық экономика министрлігімен, Мемлекеттік кірістер комитетімен және Парламент депутаттарымен бірнеше рет талқыланған. Келіссөздердің нәтижесінде бұрынғы механизмді қайтару туралы ұсыныс жобалық кеңсенің қарауына шығарылған.

Ол жаңа Салық кодексіне енгізілетін түзетулердің әзірге жоба екенін де еске салды. Құжат бизнес қауымдастығының ұсыныстары негізінде әлі де пысықталып, кейін Үкімет пен жаңа шақырылымдағы Парламенттің қарауына енгізіледі.