Жаңа қоныс: Елорда әкімі 400 азаматқа пәтер кілтін табыстады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Тұңғыш президенті күні мерекесі қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов баспана кезегінде тұрған азаматтарға пәтер кілтін табыстады. 

Елордалық 400 отбасы өз баспанасына ие болды. Бас шаһардың басшысы "Мынау үй – Сіздердікі. Бұл – Сізге және балаларыңызға қалатын үй. Оған еш алаңдамаңыздар" деп 13 жыл бойы сарыла күткен астаналық жанұяға қуаныш сыйлады.


Көптен күткен ұлы той

Көптен күткен қуанышты жағдай. Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш президенті күні мерекесі қарсаңында Сіздер өз қоныстарыңызға ие болып жатырсыздар. Жаңа, міне, тұрғындармен сөйлесіп жатырмын, "қанша болды күткеніңізге?" деп сұрап едім, осында тұрған бірнеше азамат, үлкені бар, кішісі бар "13 жыл, 14 жыл күттім" дейді. Сабыр түбі – сары алтын деген осы. Міне, бүгін пәтер кілтін алып отырсыздар.

Шынын айтқанда, ол кезде мұндай мемлекеттік бағдарлама қарқынды болған жоқ. Тәуелсіз еліміздің аяққа нық тұрып, экономикамыздың даму нәтижесінде әлеуметтік мәселелердің шешілуі – жетістіктің көрінісі. Енді, бұл – үлкен жұмыс. Өздеріңіз білесіздер, егеменді еліміздің негізін қалаушы, Тұңғыш президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сонау қиын қыстау кезеңде "сәл шыдаңыздар, бәрі дұрыс болады" деп айтты. Одан кейін мынау астанамыз қалыптасты. Әрбір үй қалай салынғанына жасы үлкен кісілер сіздер куәсіздер. Міне, елордамыз да әлемге танымал алып шаһарға айналды. Бұл қаланың да негізін қалаған – біздің Елбасымыз, - деп Алтай Көлгінов өзінің құттықтау сөзін бастады.

Халық саны артқан сайын, баспанаға сұраныс көбейеді

Қала әкімі халықтың саны өскен сайын, үйге деген сұраныс та көбейетінін баса айтты.

Біз тұрған осы жерде бұрын дархан дала болатын. Айналасының бәрінде үй болған жоқ. Өздеріңізге мәлім, Целиноград кезінде 300 мыңға жетпейтін халық болды. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында 1 миллион 200 мың халық тұрады. Балалардың саны көбейіп жатыр. Тек 15 жасқа дейінгі балалардың саны қазір 280 мыңнан астам. Сол кездегі Целиноградтың халқының санынан көп. Яғни, халық саны артқан сайын, баспанаға сұраныс та ұлғая түседі. Мектепке, балабақшаға деген сұраныс көбейеді. Оған жол мен көпір салу керек, абаттандыру қажет. Ол енді өмірдің заңдылығы. Сондықтан, жыл сайын қаламыз көркейіп келеді. Бұл – біріншіден, Тәуелсіздігіміздің арқасы, - деп әлеуметтік саланың алға басқанын айғақтайтынын айтты.

Алтай Сейдірұлы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету керек деген тапсырмасын барынша жедел әрі тыңғылықты жүзеге асыру үшін әкімдік бірталай өнімді істер атқарып жатқанын тілге тиек етті. Ол жалға берілетін пәтерлер құрылысының қарқыны үш есеге артатынын хабарлады.

Бұл – мемлекеттің қамқорлығы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы, әсіресе, мынау әлеуметтік салаға баса назар аударып келеді. Соның ішінде қолжетімді баспанаға аса мән беріп отыр. Мондықтан мемлекеттік "Нұрлы Жер" бағдарламасымен бүгін осы үйлер салынып, мына жерден 400-ден астам пәтер көптен бері күткен, кезекте тұрған азаматтарға берілуде. Оның ішінде ата-ананың қарауынсыз қалған балалар бар, көпбалалы отбасылар бар. Жалғызбасты аналар бар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар бар. Өмір болған соң түрлі қиын жағдайлар болады. Соған қарамастан мемлекет өзінің әлеуметтік бағдарламасын іске асыруда. Бүгінгі қоныстарыңыз құтты болсын!, - деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі.

Жаңадан салынған 400 пәтерден тұратын үй С-303 көшесі, яғни Н. Тілендиев даңғылы мен Ш. Бейсекова көшелерінің қиылысында орналасқан екен. Пәтер "Нұрлы жер" тұрғын-үй құрылысы бағдарламасы аясында сатып алу құқығынсыз беріліп отыр.


Мынау үй – Сіздердікі
Бұл – мемлекеттің қамқорлығы. Мынау үй – сіздердікі. Сұрайды, "аренда қашанға дейін беріледі?" деп. Аренда сіздерге берілді. Бұл – Сізге және сіздің балаларыңызға қалатын үй. Оған еш алаңдамаңыздар, Сіздерден сұрайтынымыз – мұны күтіп ұстау керек. Көктемде абаттандыруды жалғастырамыз. Тал, терек егеміз. Оған су құйып, қарап, тазалықта ұстау керек. Аулада көлік қаптап тұрып, бір-біріне шағымданып жатады. Бәріміз бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан біз де көмектесеміз, сіздер де атсалысыңыздар. Тазалықты бірге сақтайық, - деп Алтай Көлгінов өз сөзін тәмамдады.
Әкім 7 баланың анасына пәтер кілтін табыстады

Бұл орайда 13 жылдан бері кезекте тұрып, бүгін әкімнің қолынан үш бөлмелі пәтердің кілтін алған көпбалалы ана Нәзира Раманова өзінің көптен күткен қуанышын жасырмады.

Талай жылдар бойы сарғайып күттіңіздер. Үкіметтен үй беретініне сендіңіз бе?, - деп сұрадық Нәзира апайдан.
Керемет. Дәл қазіргі сезімімді сөзбен жеткізе алмаймын. Өзім 7 баланың анасымын. Немерем бар. Құдай қаласа, балаларымның үлкені жуырда 25 жасқа толады. Ең кенжесі – 4 жаста. Ұл-қыздарым мен немерелерім өте қуанып жатыр. 21 қазан күні құжаттарды тапсырған едік. Сосын маған "Сіз "Берекелі баспанаға" өттіңіз" деп хабарласты. Әкімдіктен өздері хабар беріп, шақырды. Үлкен ұлым бүгін футболдан жарысқа, екінші ұлым дзюдодан сайысқа кетті. Олар мәз болып жатыр, - деді үш бөлмелі пәтердің иесі атанған елордалық ана.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті күніне орай атаулы әлеуметтік көмек алушылар санатындағы елордалықтар жәрдемақы алды.
Бұл санатқа жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен төмен адамдар кіреді. Ол ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% ретінде анықталады. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін әлеуметтік көмек мөлшері 4,5 АЕК немесе 11363 теңгені құрайды.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы