Жаңа Қазақстан. Тоғжанов қай сала қызметкерлерінің жалақысы артатынын айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында өңірлерге шығу барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарына келіп түскен азаматтардың өтініштерін мемлекеттік органдардың қарау нәтижелері баяндалды.
Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов депутаттар өңірлерге сапар барысында 2 мыңға жуық сұрақ Үкімет тарапынан жан-жақты сарапталып қаралғанын айтты.
Бұл сұрақтардың негізгі тақырыбы Үкіметке азаматтардан келіп түскен 1800-ге жуық талаптарымен сәйкес келіп отыр. Демек бұл өңір тұрғындары күтіп отырған шешімі өзекті мәселелер. Бұл сұрақтар Үкімет мүшелерінің күн тәртібіне енгізіліп, министрлердің өңірлерге сапары аясында нақты қаралады. Осы орайда Жаңа Қазақстанның күн тәртібі, азаматтардың әлауқатын арттыру, табыс тапшылығын жою және жұмыс орындарын құру, инфляцияны тежеу сынды Мемлекет басшының тапсырмасы басты мақсатымыздың бірі, – деді Тоғжанов.
Ол атағандай, сұрақтардың басым бөлігі нақты табысты арттыруға, кедейліктің деңгейін төмен түсіруге бағытталған.
Пандемия жаһандық-экономикалық дағдарыс халықтың кірісін төмендеуіне әсер етті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген «Халық табысын арттыру» бағдарламасында азаматтардың кірісін көтеруге бағытталған нақты шаралар қарастырылған. Біріншіден, бұл бюджет саласы мен квазимемлекеттік сектордың 1 млн-нан астам қызметкердің, мемлекеттен қолдау алатын бизнестің 2,8 млн жұмысшының жалақысын көтеру қарастырылған, - деді Тоғжанов.