«Жаңа Қазақстан» Парламент жұмысына трансформация жасайды – депутат
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ұлттық баспасөз клубында өткен баспасөз мәслихаты барысында Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева хабарлады. Сондай-ақ ол депутаттық топтың ішкі құрылымына тоқталды.
«Жаңа Қазақстан» депутаттық тобын Парламент регламентіне сәйкес құрдық. Яғни арнайы процедура жүргізілді. Заңға сәйкес барлық құжатымызды тіркеуге жібердік. Депутаттық топтың ережесі жасалды. Сол ереже бойынша бүкіл депутаттардың құқықтары, мүмкіндіктері дайындалды. Соның бәрі осы ережеде жазылған. Топты құрмас бұрын барлық әріптесімізбен ақылдасып, Парламент жұмысына трансформация қажет деген бір шешімге келдік. Осы трансформацияны «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобын құру арқылы жасаймыз, - деді мәжілісмен.
Сонымен қатар ол депутаттық топтың неше секторға бөлінгенін алға тартты.
Топты үш секторға бөлдік. Бірінші сектор агроөнеркәсіп кешені, өнеркәсіп, экономика және экология бойынша кіші топ деп аталады. Оның жетекшісі – Еділ Жаңбыршин. Екінші сектор – адам құқықтары, қауіпсіздік және құқықтық реформалар бойынша кіші топ. Жетекшісі – Айдос Сарым. Әлеуметтік мәдени даму және жастар саясаты бойынша кіші топ үшінші секторда қамтылған. Оның жетекшілігін өзім алдым, - деді депутат.
Әр сектор арнайы жасалған жоспар, ереже бойынша жұмыс істейтін болады.
Қоғамда болып жатқан қандай да бір мәселелерді, проблемаларды шұғыл шешу, халыққа көмек көрсету, байланыста болу үшін осындай үш сектор арнайы жасалды, - деді Наталья Дементьева.
Еске сала кетейік, бұған дейін Айдос Сарым депутаттық топтың құрылу себебін айтқан еді.