Жаңа Премьер-министр жайлы не білеміз?

Мемлекет басшысына AMANAT партиясының атынан Премьер-министрдің кандидатурасына Олжас Бектенов ұсынылды. Ол бұған дейін Антикорда және Президент әкімшілігінде қызмет атқарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Парламент Мәжілісінің және AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Премьер-министр қызметіне Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Мемлекет басшысы ұсынылған кандидатураны Мәжілістегі партиялардың фракцияларымен бірге Мәжілістің жалпы отырысында талқылап жатыр.

Бектенов жемқорлық жайлы не деді?

"Қай жерде жезл, сол жерде жемқорлық"

Бұл 2020 жылы автомобиль жолдары саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өткен кеңесте Олжас Бектенов (ол кезде Антикор төрағасының бірінші орынбасары – ред.) Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі – жемқорлық жайлаған ведомство екенін айтты.

Жыл сайын елдің транзиттік әлеуетін арттыруға қыруар қаржы бөлінеді. Алайда, жауапты ведомство жемқорлық жайлаған құрылым қатарына кіреді.Қай жерде жезл, сол жерде жемқорлық. Ол жасырын емес. Соңғы 3 жылдың өзінде көліктік бақылау инспекциясының 38 лауазымды тұлғасы және түрлі қызметтегі 19 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, - деген еді Бектенов.

"Жемқорлықпен күресеміз деп халықтың үнін ұмыттық"

Жемқорлықпен күресеміз деп, бастысы халықтың үнін ұмыттық. Халық не деп жатыр? Халық нені талап етіп жатыр? Мұның бәрін қаперден шығардық. Өткен ғасырларда жазылған Қасым ханның қасқа жолында, Есім ханның ескі жолында, Тәуке ханның Жеті жарғысында, қазіргі замандағы еліміздің Ата Заңында ең қымбат қазына – адам. Сондықтан агенттік қызметкерлерінің әрбір ісі халыққа пайдасы бар ма, халық қанағаттана ма, құптай ма деген бағытта болу керек, - деген болатын Олжан Бектенов ведомствоның алқа отырысында (2022 жылы шілдеде).

Адалдық, ашықтық пен әділдік қағидасы жайлы

"Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасына сәйкес Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында Қызылорда қаласы мен Тасбөгет кентіндегі сервистік әкімдіктердің жұмысымен танысқан болатын.

Тұрмыстық сыбайлас жемқорлық азаматтар үшін қолайлы жағдай жасалмаған жерде таралады. Азаматтар заңды көмек алу үшін мемлекеттік қызметшіге сыйлық бермеуі тиіс. Адалдық, ашықтық пен әділдік – әр мемлекеттік қызметшінің бұлжымайтын қағидасына айналуы тиіс, - деп атап өткен еді Олжас Бектенов.

Бектенов туралы не білеміз: Білімі мен еңбек жолы

Олжас Бектенов 1980 жылы 13 желтоқсанда Алматы қаласында туған. 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын үздік бітірген. Мамандығы - "заңгер". 2014 жылы ІІ дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталған.

Мансабы:

Еңбек жолын 2002 жылы Алматы қаласы Әділет басқармасы бөлімінің бас маманы ретінде бастаған.

2005-2006 жылдары – Премьер-министр Кеңсесінде заң бөлімінің сарапшысы, бас сарапшысы.

2006-2009 жылдары – Президент әкімшілігінде қызмет істеді.

2009-2012 жылдары – Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті төрағасының орынбасары.

2012-2014 жылдары – Экономикалық қылмысқа жəне сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің (қаржы полициясы) орталық аппаратында департамент бастығы.

2015-2016 жылдары – Астана қаласы әкімінің аппарат басшысы, Президент әкімшілігінің басшысы хатшылығының меңгерушісі.

2016-2017 жылдары – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы.

2017-2018 жылдары – Ақмола облысы әкімінің орынбасары.

2018-2019 жылдары – Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары.

2019-2022 жылдары – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары.

2022 жылдың ақпанынан 2023 жылдың сәуіріне дейін – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы.

2023 жылдың 3 сәуірінде Мемлекет басшысының Жарлығымен Президент әкімшілігінің басшысы болып тағайындалған болатын.

ІІ дәрежелі «Айбын» (2014) және «Даңқ» (2021) ордендерімен наградталған.

Жеке өмірі

Отбасы, үш баланың әкесі. Қазақ және орыс тілдерінде еркін сөйлейді.

Ескі Үкімет қызметінен кетті

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Парламент Мәжілісінің және AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Премьер-министр қызметіне Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынған болатын. 

5 ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Үкімет қызметінен кетті.  Ақорда Роман Скляр премьер-министр міндеттерін уақытша атқаратынын мәлімдеді.

Сондай-ақ Президенттің кеңесшісі-баспасөз хатшысы Берік Уәли жаңа үкіметті құру қашан басталатынын айтты. 

Экс-премьер Әлихан Смайылов жұмысын қорытындылап, әріптестеріне, қазақстандықтарға алғыс айтты.

Еске сала кетейік, 7 ақпан күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы