Жаңа Парламенттің мандат саны 145 болуы мүмкін
Ұлттық құрылтайда сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Парламенттің құрамы мен құрылымына қатысты жұмыс тобы талқылаған негізгі ұсыныстарды таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Президенттің айтуынша, жұмыс тобы аясында бұл мәселеге байланысты бірнеше ұстаным қарастырылған. Атап айтқанда, бірінші тарап халық санына қарай пропорционалды өкілдік беруді ұсынса, екінші тарап депутаттар санын 500-ге дейін арттыру қажет деген пікір білдірген.
Депутат санын көбейтудің еш қажеті жоқ. Мәселе санда емес, сапада. Ең бастысы, Парламентте нағыз отаншыл азаматтар мен білікті мамандар отыруы тиіс. Жұмыс тобы азаматтардың ұсыныстарын қызу талқылады. Ақыры соңында Парламенттің мандат саны 145 болуы қажет деген байламға келді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы жаңа Парламенттің ішкі құрылымына қатысты да бірқатар нақты ұсынысты айтты. Президенттің сөзінше, жаңа Парламентте Төрағаның үш орынбасары болуы мүмкін, ал комитеттер саны 8-ден аспауы тиіс.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы жаңа Парламентте Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы болмайтынын мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Ұлттық құрылтайда Президент Парламентке «Құрылтай» атауын беру жөнінде ұсыныс білдірген болатын.