Жаңаөзенді әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары бекітілді
Маңғыстау облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жоспарға сәйкес мұнайшылар қаласын одан әрі көркейтуге 230 млрд 300 млн теңге жұмсалады. Бұл сома 2025 жылға дейін игерілуі тиіс.
Бұл жайында Ақтаудағы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен жиында қала әкімі Әділбек Дауылбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, жоғарыда айтылған көлемдегі қаражат 67 жобаны жүзеге асыруға жұмсалады деп көзделуде. Кешенді жоспарға сәйкес осы жылы қолға алынатын іс-шараларға 19 млрд 6 млн теңге бөлінбекші. Жалпы ұзындығы 18 шақырымнан асатын көлік жолы құрылысын бастауға және қала тұрғындары үшін жалдамалы пәтерлерді сатып алуға 3,7 млрд теңге қаралады.
Сондай-ақ, қала ішінде автокөлік жолдарын қалпына келтіру, азаматтарды бизнес ашу тетіктеріне оқыту мен апатты тұрғын үйлерде тұратын отбасыларға пәтерлер сатып алуға 273,4 млн теңге бөлінеді деп күтілуде.
Мұнай-газ компанияларының есебінен жатақхана шығындарын және жаңаөзендіктердің басқа аймақтарға қоныс аударуына бағытталған қаржыны субсидиялауға, «Қазақгазөңдеу» зауытында жаңарту жұмыстарын жүргізуге, бұдан басқа жергілікті коммуналдық мекеме базасында 350 жаңа жұмыс орындарының ашылуына 8,8 млрд теңге жұмсалмақшы.
Айта кетейік, Жаңаөзен қаласын дамытуға арналған кешенді жоспардың негізінде биыл 26 көп қабатты үй толық жөндеуден өткізіледі.
Қазіргі таңда мұнайшылар шаһарында бас-аяғы қырық апаттық жағдайдағы тұрғын үй әкімдіктің назарында тұр. Оларда тұрып жатқан бес жүзге тарта тұрғындар жаңа баспаналарға кезегімен көшіріледі.
«Осы бағыттағы іс-шараларды осы жылы бастаймыз деп отырмыз. Атап айтсам, апаттық жағдайда тұрған шаңырақ шағын ауданындағы көпқабатты үйдің тұрғындары үшін жаңа баспанадан 10 пәтер сатып алуға мұнай компаниясы әлеуметтік міндеттемелер аясында бөлінетін қаржысынан 145 млн теңге бөлуді қарастырамыз. Бұдан бөлек, қолданыстағы мерзімі өтіп тұрған 52 үй бар қаламызда. Олардың жиырма алтысын қалпына келтіруді қолға аламыз», - деді брифингте сөйлеген Жаңаөзен қаласының әкімі Әділбек Құлынтайұлы.
Аталған мұнай компаниясы есебінен әлеуметтік көмекке зәру жаңаөзендіктер үшін облыс орталығынан жалға берілетін пәтерлерді сатып алуға да қаржы бөлінбек. Бұл баспаналар қалалық жұмыспен қамту бөлімінде есепте тұрған және ел аумағында соңғы бес жылдықта өз атында үйі жоқ адамдарға беріледі.
Сонымен қатар, 141 жұмыссыз жастың тізімі жасақталып, оларды Ақтаудағы жатақханаға орналастыруға сұраныс хат аймақ әкімдігіне жолданған. Олар бір жылда тегін тұрып, осы аралықта кәсіпке баулу курсынан өтеді. Кейін тәжірибе жинақтаған кәсіпорында тұрақты қызметке қалуына жағдай жасалады.
«Олардың жатақханада тұрғаны үшін жалға алу төлемақысын субсидиялау үшін жергілікті мұнай мекемесі есебінен 263 млн 300 мың теңге бөлінетін болады. Сонымен қатар, еліміздің басқа аймақтарына көшіп баруға ниетті 10 жанұяның қоныс аудару шығындарын да субсидиялауға осы компания қаражатынан 20 млн теңге қарастырылған», - дейді Әділбек Дауылбаев.
Кешенді жоспар аясында қаладағы медициналық кешендерді дамытуға да қомақты қаржы бөлінеді деп көзделген. Мәселен, 50 кереуеттік стационары бар орталық құрылысын аяқтауға 1,8 млрд теңге, оған қосымша 1,2 млрд жеке инвестиция жұмсалады. Құрылысы кестеге сай жүріп жатқан ғимарат келер жылдың бірінші жартыжылдығында пайдалануға берілмек.
Қала iшiнде көлік жолдарын салу және қалпына келтіру туралы ақпаратты толықтыра кетсек, бүгінгі таңда Мерей, Бостандық және Мұнайлы шағын аудандарында, сондай-ақ Жаңаөзенге қарайтын Рахат ауылының Ақсу мен Мерей мөлтек аудандарында көлік жолдарын салу бойынша төрт жобаны іске қосуға 809,8 млн, оған қосымша 40 млн теңге бөлініп отыр.
Әзірге екі жоба бойынша конкурс өтіп, мердігер компаниямен келісім-шарт жасалған.