Жаңа оқу жылының каникул күндері белгілі болды: Оқушылар қанша күн демалады?
Қазақстанда 2026-2027 оқу жылының басталу және аяқталу мерзімі, сондай-ақ оқушылардың каникул кестесі мен қорытынды аттестаттау күндері бекітілді.
Жаңа оқу жылы еліміздегі барлық орта білім беру ұйымында меншік нысанына қарамастан 2026 жылғы 1 қыркүйекте басталып, 2027 жылғы 25 мамырда аяқталады.
Оқу тоқсандарының ұзақтығы мынадай:
* I тоқсан – 8 оқу аптасы;
* II тоқсан – 8 оқу аптасы;
* III тоқсан – 10 оқу аптасы;
* IV тоқсан – 8 оқу аптасы.
Оқушылар қашан демалады?
2026-2027 оқу жылындағы каникул мерзімі де белгіленді.
Күзгі каникул – 2026 жылғы 26 қазан мен 1 қараша аралығы. Оқушылар 7 күн демалады.
Қысқы каникул – 2026 жылғы 28 желтоқсаннан 2027 жылғы 10 қаңтарға дейін. Демалыс ұзақтығы – 14 күн.
Көктемгі каникул – 2027 жылғы 22–28 наурыз аралығы, барлығы 7 күн.
Ал бірінші сынып оқушыларына қосымша демалыс қарастырылған. Олар 2027 жылғы 8-14 ақпан аралығында бір апта демалады.
Бітіруші сыныптардың емтиханы қашан өтеді?
9 (10)-сынып оқушыларының қорытынды аттестаттауы 2027 жылғы 31 мамырдан 11 маусымға дейін өтеді.
Емтихан күндері:
* 31 мамыр – математика (алгебра);
* 3 маусым – таңдау пәні;
* 7 маусым – оқыту тілі;
* 11 маусым – қазақ тілі мен әдебиеті немесе орыс тілі мен әдебиеті.
Ал 11 (12)-сынып түлектерінің мемлекеттік емтихандары 2027 жылғы 1-17 маусым аралығына жоспарланған.
Осылайша, келесі оқу жылында оқушылар төрт тоқсан білім алып, күзде – 7 күн, қыста – 14 күн, көктемде – 7 күн демалады. Бірінші сынып оқушыларына бұдан бөлек ақпан айында қосымша бір апталық каникул беріледі.