Жаңа оқу жылында колледждерге қабылдаудың жаңа ерекшеліктері
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы Білім басқарма басшысының орынбасары Қайрат Жұманов ӨКҚ алаңында өткен брифингте жаңа оқу жылында колледждерге қабылдау ерекшеліктері жайлы айтып берді.
Жұмановтың айтуынша, көп балалы, толық емес отбасылардың, мүгедек балалары бар отбасылардың балаларын тегін оқытумен қамту өзекті мәселе болып отыр. Бұл тұрғыда «Білім туралы» Заңға өзгерістер енгізіліпті. Тағы 3 санат бойынша колледждерге қабылдау квоталарының тізбесі толықтырылған және Үкіметтің 246 қаулысында осы 3 санаттағы балаларды қабылдау квоталарының мөлшері анықталған.
Атап айтқанда, көп балалы отбасы балаларына – 5%, толық емес отбасы балаларына – 1%, мүгедек балалары бар отбасы балаларына – 1% квота белгіленді,-деді ол.
Қ.Жұманов сондай-ақ жаңа оқу жылында колледждерге қабылдауда қандай өзгерістер болатынын айтып берді.
Құжаттарды қабылдау 20 маусымда электронды үкімет порталы арқылы және тікелей колледжде басталады. Әрбір талапкердің 4 мамандық пен 4 колледжге дейін таңдау мүмкіндігі бар. Қабылдау емтихандары педагогикалық, медициналық мамандықтар және шығармашылық дайындықты қажет ететін мамандықтар бойынша өтеді. Барлық қалған мамандықтар бойынша емтихандар алынып тасталды. Жұмысшы мамандықтарына оқуға түсушілер әңгімелесуден өтеді, орта буын мамандықтарына мемлекеттік тапсырыс бойынша оқу үшін конкурсқа қатысады. Конкурс білімі туралы құжаттың орташа конкурстық балы бойынша өткізіледі,-деді ол.