Жаңа оқу жылында 24 мектеп пайдалануға беріледі – Шымкент әкімі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мәлімдеді.
Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы білім беру жүйесіндегі орын тапшылығын жою мақсатында елде 2025 жылға дейін 1000 мектеп салуды міндеттегенін айтты.
Тапсырмаға сәйкес Шымкент қаласында 101 мектептің құрылысын жүргізу қарастырылған. 2021 жылы 25 мектеп пайдалануға берілсе, 2022 жылы 34 мектептің құрылысы жүрігізіліп жатыр. 11 703 орындықты 24 мектеп пайдалануға берілетін болады. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке дейін, ыңғайластырылған мектеп саны 4-тен 3-ке дейін азаяды, - деп атап өтті мегаполис басшысы.
Айтуынша, 2023 жылы қалада үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешіледі.
Мемлекет басшысы 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. Осыған орай, арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, бұл бағытта 44,6 млрд теңге қаралды. Іс-шаралардың ішінде атап өтер болсам, осы жылдан бастап барлық бастауыш сынып оқушылары – 103 мыңнан астам оқушы көп жылдан бері алғаш рет тегін ыстық тамақпен қамтылды. Сонымен бірге қалада заманауи 500 орындық оқушылар сарайының құрылысы жүргізіп жатыр, - деді қала әкімі.