Жаңа оқу жылына «настрой» мен баланың тұлғасын сындыру – психолог пікірі

Бүгін жаңа оқу жылы басталды. Білім күні. Бұл күнге қатысты әлеуметтік желіде кең таралған әзіл-шыны аралас видеолар мен жазбаларға қарасақ, жаңа оқу жылына байланысты ата-аналардың көпшілігінің көңілінде қуаныштан гөрі қиналыс басым екені байқалады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оқу жылынан не күтеміз?

Психолог Анар Есен де ата-аналар оқу жылының басталуын негативпен байланыстыратынын айтады.

Біз жаңа оқу жылы, мектеп деген нәрсені бір жыл қорлық, қиындық, алысу, жылау деген сияқты белгілі бір негативпен байланыстырамыз. Шын мәнінде бала өмірдің жаңа белесіне өтіп жатыр. Жаңа танымдар, жаңа өмірдің сатысы деген сияқты қуаныш қой. Ал біз психологиялық тұрғыда мектеп деген нәрсені қиындық, проблема деп қабылдаймыз, - дейді ол.

Алайда көптеген ата-аналар мен мұғалімдер оқу жылынан, оқушыдан олардың күтетіні нәтижеге әсер ететінін ескермейді. Ол психологияда Пигмалион әсері деп аталады. Оның негізінде психолог Роберт Розентальдың жасаған тәжірибесі де бар.

Оқу жылының басында барлық оқушылар интеллект тестін жасырын түрде тапсырады. Оның нәтижесі тек зерттеушілерге мәлім болады. Кейіннен олар тест тапсырған оқушылардың 20%-ын кездейсоқ таңдап, олардың қабілеті (IQ-і) басқалардан жоғары деп айтады. Шын мәнінде, олар қатардағы оқушылар болатын. Бір қызығы жыл аяғында дәл сол оқушылар өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға жақсырақ нәтиже көрсетеді.

Яғни ата-ана мен мұғалімнің ниеті (настрой), күтулері сыртқы фактор ретінде балаға әсер ететінін естен шығармаған жөн.

«Баланың тұлғасын сындырып тастайды»

Психолог Анар Есен жаңа оқу жылының басталуына орай үй тапсырмасын баласымен бірге орындауға дайын ата-аналар ескеруі қажет мәселеге тоқталды.

Бала мектепке барғанда «үй тапсырмасын бірге оқимын» деп ата-ана дайын тұрады. Ата-ана мұғалім емес. Ол балаға көмектесемін дейді де, екі ортада баланың білімін емес, тұлғасын сындырып тастайды. Білімді түзеуге болады, ал баланың сынған тұлғасын түзету өте қиын, - деп ескертті маман.

Ол әсіресе баласы бірінші сыныпқа баратын ата-аналарға кеңес берді

Әсіресе 1-сыныпқа баратын балалардың ата-аналары, балаңыз әріпті танымай, есепті білмей өтпейді. Ешқандай әріпті танымай барса да, бір жыл бойы мұғалім оған үйретіп береді. Балаңыз тым қатты сабақтан қалып бара жатыр ма одан да 1-2 ай қосымша мамандар жалдап, балаға демеу көрсетіп жіберуге болады. Бірақ өзіңіз мұғалім рөліне еніп, баланы ұрып, қорқытып, ұрысып, дәптерін жыртып деген сияқты баланың сағын сындырып, оның тұлғасына нұқсан келтірудің қажеті жоқ, - деді ол.

Психолог бірқатар мамандар үй тапсырмасын баламен бірге орындаудың қажеті жоқ деп санайтынын алға тартты. Ол өз тәжірибесінен балаларымен бірде-бір рет үй тапсырмасын бірге орындап көрмегенін айтты.

Сол кезде бала да жауапкершілікті сезініп, үй тапсырмасын мектепте құлағына құйып алуға тырысады. Үйге барғанда маған ешкім көмектеспейді, мектепте түсініп алайын деп ой түюі мүмкін. Мысалы, бір күн үй тапсырмасын орындамай барды делік, мектепке барған кезде оның салдарын көреді. Барлығы орындады, өзі орындамады, мұғалімнен ескерту алды деген секілді дүниелерді көргеннен кейін бала үй тапсырмасын орындау керегін біледі, - деді психолог.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы