Жаңа оқу жылына дайындық: Мектептер мен балалар қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілуде?
Аида Балаева білім беру және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері бойынша кеңес өткізді
Үкіметте Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен білім беру және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері бойынша кеңес өтті.
Жаңа оқу жылына дайындық қалай?
Кеңесте алдымен жаңа оқу жылына дайындық барысы қаралды. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова балаларға әлеуметтік қолдау көрсету және оқушыларды қажетті мектеп құралдарымен қамтамасыз ету жұмыстары туралы баяндады. Бұл бағыттағы тиісті жұмыстар еліміздің барлық өңірінде жүргізіліп, тұрақты бақылауда екені атап өтілді.
Аида Балаева жаңа оқу жылына дайындық барлық деңгейде кешенді тәсіл мен айрықша назарды талап ететінін айтты. Сондай-ақ негізгі міндеттер қатарында білім беру инфрақұрылымының толық дайындығын қамтамасыз ету, мектептерді қажетті ресурстармен уақтылы жабдықтау, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың балаларына көмек көрсету мәселелерін атады.
Премьер-министрдің орынбасары жоспарланған барлық іс-шараларды сапалы өткізуді, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді және аталған мәселелерді ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
Балалар демалысы қалай өтті?
Кеңесте қаралған екінші мәселе – балалардың жазғы демалысы мен сауықтыруын ұйымдастыру, балалар сауықтыру орталықтарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Оған қатысты өңірлер арасында озық тәжірибе алмасуға ерекше назар аударылды.
Биыл 17,8 мың бала, оның ішінде ауылдық жерлерден 5 890 бала басқа өңірлердегі сауықтыру орталықтарына жіберілген. Мұндай тәсіл қолда бар инфрақұрылымды тиімді пайдалануға, балалардың сапалы сауықтыру демалысына қолжетімділігін кеңейтуге және өңірлер арасындағы мүмкіндіктер теңсіздігін азайтуға ықпал ететіні атап өтілді.
Сонымен қатар балалар сауықтыру орталықтарының қауіпсіздігі мен лицензиялануы, сондай-ақ олардың белгіленген талаптарға сәйкестігі жеке қаралды. Бүгінде 131 бала сауықтыру орталығы лицензия алған.
Вице-премьер балалардың қауіпсіздігі сөзсіз басымдық болып қала беруге және тұрақты бақылауда болуға тиіс екенін атап өтті. Бұл тамақтанудың сапасы мен қауіпсіздігінен бастап, балаларды тасымалдау талаптарының сақталуына, қоғамдық, санитариялық және өрт қауіпсіздігіне, сондай-ақ су айдындары мен адамдар көп жиналатын орындардағы қауіп-қатердің алдын алуға дейінгі барлық мәселені қамтиды.
Аида Балаева профилактикалық шараларды күшейтіп, ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіру және осы жұмысқа тартылған барлық қызметтің жауапкершілігін арттыру қажеттігін атап өтті.
Жазғы сауықтыру науқанын қорытындылаған Премьер-министрдің орынбасары атқарылған жұмыстарға кешенді талдау жүргізуді, қабылданған шаралардың тиімділігін бағалауды және оның нәтижелерін алдағы уақытта балалардың демалысын ұйымдастыру кезінде ескеруді тапсырды.