Жаңа оқу жылы қарсаңында Қазақстанда балалардың қауіпсіздігі күшейтілді
Соңғы екі жылда Қазақстанда балалар құқығын қорғауға қатысты 10 заң қабылданған.
Жаңа оқу жылының басталуына бір аптаға жуық уақыт қалды. Миллиондаған қазақстандық оқушы мен балабақша тәрбиеленушісі білім беру ұйымдарына оралады. Осыған байланысты елде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар күшейтілген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Балаларға қатысты құқықбұзушылықтарды анықтау артқан
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректеріне сәйкес, 2024 және 2025 жылдары кәмелетке толмағандарға қатысты шамамен 3,4 мың қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген, деп жазады Ranking.kz. Мамандар бұл көрсеткіштің өсуін балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған заңнаманың кеңеюімен байланыстырады.
Соңғы екі жылда Қазақстанда балалар құқығын қорғауға қатысты 10 заң қабылданған. Оның ішінде 2024 жылдың сәуірінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер құқықтары мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі заңға қол қойып, кәмелетке толмағандарға қатысты құқықбұзушылықтардың тізімін кеңейтті.
10 мыңнан астам білім беру нысаны тексеруден өткен
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жаңа оқу жылы қарсаңында балабақшалар, мектептер мен колледждерді қоса алғанда, шамамен 10,6 мың білім беру нысаны қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі тұрғысынан тексеруден өткен.
Қазір барлық білім беру ұйымдары бейнебақылау жүйелерімен және дабыл түймелерімен жабдықталған. Мектептердің 93 пайызының қауіпсіздік жүйесі ІІМ-нің жедел басқару орталықтарына қосылған. Тексеру барысында 500-ге жуық заңбұзушылық анықталып, 174 білім беру ұйымының басшысы жауапкершілікке тартылған.
Мектеп маңындағы жол қауіпсіздігі күшейтіледі
Балалардың жолдағы қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылуда. Оқу жылы басталар алдында ІІМ қызметкерлері мектептер мен балабақшалар маңындағы жол инфрақұрылымындағы кемшіліктерді жою бойынша 2,5 мыңнан астам нұсқама берген.
Нәтижесінде ел бойынша қосымша 180-нен астам жаяу жүргінші бағдаршамын, 4,1 мың жол белгісін орнату, 12,7 мың метр қоршау салу және мыңға жуық жасанды жол кедергілерін қою жоспарланып отыр.
Биыл 101 жаңа мектеп салынып жатыр
Оқу-ағарту министрлігінің дерегіне сәйкес, қазіргі таңда Қазақстанда 8 мыңнан астам мектеп жұмыс істейді. Биыл тағы 101 жаңа мектеп салынып жатыр. Оның 12-сі пайдалануға берілген, 64 мектептің құрылысы жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.
Сонымен қатар алдағы екі жылда 178 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Дегенмен кейбір өңірлерде жөндеу және құрылыс жұмыстарының уақытында аяқталмау қаупі сақталып отыр.
5,8 миллион бала білім алады
Биыл еліміздегі білім беру ұйымдарында шамамен 5,8 миллион бала білім алады. Оның ішінде 1,1 миллионнан астамы балабақша тәрбиеленушілері болса, 4,1 миллионы мектеп оқушылары. Қыркүйек айында олардың қатарына 417 мыңнан астам бірінші сынып оқушысы қосылады.
Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында шамамен 556 мың студент оқиды.
Мектеп медицинасы жақсарып келеді
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2023 жылдан бері мектептердің медициналық кабинеттерін арнайы құрал-жабдықтармен қамту деңгейі 95 пайызға дейін өскен.
Сонымен қатар мектеп стоматологиясы кабинеттерінің саны екі есеге артып, 145-тен 288-ге жеткен. Жыл басынан бері 2,3 миллион оқушы профилактикалық медициналық тексеруден өткен.
Балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты ретінде 2026 жылдың қаңтарында «Балалар Қазақстаны» тұжырымдамасы қабылданды. 2026–2030 жылдарға арналған құжат Президент тапсырмасымен әзірленіп, оған ЮНИСЕФ сарапшылары қатысқан.
Тұжырымдаманы жүзеге асыруға 1,3 триллион теңге қарастырылған. Құжат аясында 2030 жылға дейін кәмелетке толмағандардың құқықтық қорғалу деңгейін 93 пайыздан 97 пайызға дейін арттыру, балалар инфрақұрылымының қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін 60 пайыздан 80 пайызға жеткізу және балалар әл-ауқаты индексін 61,5-тен 68 баллға дейін көтеру жоспарланған.
Қазақстан халықаралық рейтингте үздіктер қатарында
Халықаралық бағалаулар да Қазақстандағы оң өзгерістерді көрсетіп отыр. Kids Rights Index 2026 жаһандық рейтингінде Қазақстан үшінші жыл қатарынан әлемдегі балалар құқықтары ең жоғары қорғалған 25 елдің қатарына енді.
Биыл еліміз 24-орынды иеленіп, бұл көрсеткіш бойынша Швейцария, Канада, Швеция, Ұлыбритания және Біріккен Араб Әмірліктері сияқты бірқатар дамыған мемлекеттерден жоғары нәтиже көрсетті.
Осылайша, жаңа оқу жылы қарсаңында Қазақстанда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау және білім алуына қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатыр. Мемлекет бұл саланы заңнамалық, инфрақұрылымдық және әлеуметтік тұрғыдан нығайтуға басымдық беріп отыр.