Жаңа оқу жылы: Мұғалімдерге қолдау көрсетіледі
2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап 2-4-сынып оқушыларының білімін бағалауға жаңа тәсіл енгізіледі. Жүйеде формативтік және аралық бағалау сақталады, ал педагогтерге әдістемелік қолдау көрсетіліп, оқушылардың жеке ерекшеліктері ескеріледі.
Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте бастауыш сыныптардағы бағалауға енгізілетін өзгерістер туралы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Педагогтерге орталықтандырылған әдістемелік қолдау көрсетіледі
Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Бағалау орталығы бағалаудың бірыңғай талаптары мен тәртібін айқындайды.
Орталық педагогтерге әдістемелік ұсынымдар мен тапсырма үлгілерін ұсынады. Сонымен қатар оқушылардың оқу нәтижелерін зерделеп, педагогтерге әдістемелік қолдау көрсетеді.
Аралық бағалау нәтижелері электронды немесе қағаз журналда тіркеледі. Оқушының бағалау нәтижелері туралы ақпарат оның өзіне, сондай-ақ ата-анасына немесе заңды өкіліне қағаз немесе электронды форматта ұсынылады, - деді ол.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларды бағалау кезінде олардың жеке ерекшеліктері ескеріледі.
Педагог баланың қажеттілігіне қарай сараланған немесе жеке тапсырмалар әзірлей алады. Сондай-ақ тапсырмалардың көлемін, нысанын, орындау тәсілі мен уақытын бейімдеуге мүмкіндік беріледі.
Дәлелді себеппен бағалауға қатыспаған оқушыға қосымша мүмкіндік беріледі
Егер оқушы денсаулық жағдайына, жақын туысының қайтыс болуына, жарыстарға, конкурстарға, конференцияларға, олимпиадаларға немесе ғылыми жобалар конкурстарына қатысуына, сондай-ақ қолайсыз метеорологиялық жағдайларға байланысты аралық бағалауға қатыса алмаса, оған жұмысты қосымша орындауға мүмкіндік беріледі, - деп айтты Ақпарова.
Бұл жағдайда оқушы тиісті пән бойынша арнайы әзірленген тапсырманы жеке кестеге сәйкес орындайды.
Оқушы басқа мектепке ауысқан жағдайда оның формативтік және аралық бағалау нәтижелері журналдан алынған үзінді көшірмеде көрсетіледі.
Бұл құжат оқушының жеке ісімен бірге жаңа білім беру ұйымына беріледі. Осылайша, оқушының бұрынғы оқу нәтижелері толық ескеріледі.
Еске сала кетейік, бұған дейін бастауыш сынып оқушыларын бағалау тәсілі өзгеретіні туралы жаздық. Өзгеріс жаңа оқу жылынан бастап күшіне енеді.
Тағы оқи отырыңыз: 1 қыркүйектен бастап оқушы қалай бағаланады? Мұғалім мен ата-ана нені ескеруі керек