Жаңа оқу жылы: Мұғалім мен оқушы үшін 1 қыркүйектен бастап не өзгереді?
Жаңа оқу жылына санаулы күн қалды. Биыл білім жүйесінде бірқатар реформа болды.
2026-2027 оқу жылында Қазақстан мектептерінде бірқатар өзгеріс енгізіледі. Олардың қатарында мұғалімдерді аттестаттау тәртібінің жаңаруы, бастауыш сыныптардағы бағалау жүйесінің өзгеруі, смартфондарды пайдалануға қойылатын талаптардың күшеюі, жасанды интеллектіні оқу процесіне енгізу және жаңа оқулықтарға көшу бар.
BAQ.KZ тілшісі негізгі өзгерістерге шолу жасады.
Биыл жаңа оқу жылында еліміздегі 8 мыңнан астам мектепте 4,1 млн оқушы білім алады. Ал 380 мың бала бірінші сыныпқа қабылданып, 227 мың оқушы 11-сыныпқа көшеді.
Мұғалімдерді аттестаттау өзгереді
2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап педагогтерді аттестаттаудың жаңа тәртібі пилоттық режимде іске қосылады. Педагогтің кәсіби цифрлық бейіні қалыптастырылып, бағалау кезінде сабақ сапасы, оқушылардың оқу нәтижелері, кәсіби жетістіктері, біліктілікті арттыруы және басқа да кәсіби көрсеткіштері ескеріледі.
Пилоттық жоба аясында эссе, авторлық бағдарлама және оқу-әдістемелік материалдарды міндетті түрде әзірлеу талабы болмайды. Қолданыстағы біліктілік санаттары олардың мерзімі аяқталғанға дейін сақталады.
Мектепте смартфон қолдануға шектеу қойылады
Сабақ кезінде оқушылардың смартфон пайдалануына шектеу енгізіледі. Телефонды мұғалімнің арнайы тапсырмасы болғанда немесе төтенше жағдайда қолдануға рұқсат беріледі. Смартфондарды сақтау үшін мектептерде арнайы орындар қарастырылуы мүмкін.
Мектептерге жасанды интеллект енгізіледі
2026 жылғы қыркүйектен бастап білім беру процесінде жасанды интеллектіні қолдану бойынша жаңа тәсілдер енгізіле бастайды. Мұғалімдерге AI құралдарын сабаққа дайындалу және оқу процесінде тиімді пайдалану бойынша оқыту жүргізіледі.
AI енгізу алдымен пилоттық мектептерде сынақтан өтеді. Бірінші кезеңде 10 мектеп, кейін 50 мектеп, одан соң тағы 300 мектепті қамту жоспарланған.
3 және 7-сыныптар жаңа оқулықтарға көшеді
Жаңа оқу жылында 3 және 7-сынып оқушылары жаңартылған оқулықтармен білім алады. Оқулықтарды педагогтер Etandau электрондық платформасы арқылы таңдаған.
Оқушыларға жаңа міндетті курстар енгізіледі
5-7 сыныптарда «Конституция негіздері», 8-11 сыныптарда «Заң мен тәртіп», ал 5-11 сыныптарда «Жеке қауіпсіздік» курстары оқытылады.
Оқушыларға құқықтық сауаттылық, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, киберқауіпсіздік, төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл және қауіптің алдын алу бойынша білім беріледі.
Бастауыш сынып бағдарламасы жеңілдетіледі
1-4 сыныптардағы «Математика» пәнінің оқу бағдарламасы қайта қаралып, күрделі тақырыптардың бір бөлігі жеңілдетіледі немесе орта мектеп бағдарламасына ауыстырылады.
Тілдік пәндердің мазмұны да жаңартылады. Қазақ тілінде білім алуды алғаш бастаған балаларға арналған тілдік бейімдеу бағдарламасы енгізіледі.
Бастауыш сыныптарда бағалау өзгереді
2-4 сынып оқушылары 1 қыркүйектен бастап жаңа тәсілмен бағаланады. Критериалды бағалау жүйесі сақталады, ал 1-сыныпта баға қойылмайды.
Формативтік бағалаудың тоқсандық бағадағы үлесі 25%-дан 50%-ға дейін артады. Сонымен қатар әр бөлім аяқталғаннан кейін аралық бағалау енгізіледі.
Ал тоқсандық жиынтық бағалау – ТЖБ өткізілмейді.
Тоқсандық баға:
- 50% – формативтік бағалау;
- 50% – аралық бағалау нәтижесі бойынша қалыптасады.
Бастауыш сыныптарда модерация да жүргізілмейді.
2026-2027 оқу жылының мерзімі
Оқу жылы 2026 жылғы 1 қыркүйекте басталып, 2027 жылғы 25 мамырда аяқталады.
Күзгі каникул – 26 қазаннан 1 қарашаға дейін, қысқы каникул – 28 желтоқсаннан 10 қаңтарға дейін, көктемгі каникул – 22-28 наурыз аралығында өтеді.
1-сынып оқушыларына 8-14 ақпан аралығында қосымша демалыс беріледі.