Павлодар облысында пандемия кезінде жаңа өндіріс ошақтары ашылды
Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысының шағын және орта бизнес нысандарында пандемия кезінде барынша қолдау көрсетілді. Осы кезеңде кәсіпорындар жұмыстарын тоқтатпай, халыққа қажет өнімдерді шығаруды үзген жоқ. Жұмыс орындары да тоқтатылған жоқ.
Қолдауға ие болған кәсіпорындардың қатарында серіппелі матрас шығаратын цехтар желісі бар. Шағын бизнес субъектісі бұған дейін шетелден жиһаз бұйымдарын тасымалдайтын. Уақыт өте келе импорттан бас тартып, нарықта сұранысқа ие өнімдерді жасай бастаған.
Кәсіпорынның өндіріс жөніндегі бастығы Александр Вайводтың айтуынша, цех күніне 100-ге жуық матрас шығарады. Өндірісті іске қосу мақсатында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде 175 млн теңгенің несиесі алынған.
Матрас жасауға қажет серіппелерді Ресейден әкелеміз. Себебі, отандық металдың сапасы көңіл көншітпейді. Қалғаны - отандық өнім. Жалпы, өндіріс барысында қазақстандық қамтуды арттыруды көздейміз. Бүгінде шағын кәсіпорнымыздың өкілдіктері еліміздің алты қаласында ашылды. Матрастарды әзірге еліміздің тұтынушылары үшін шығарамыз. Мүмкіндік болса, шетелге де тасымалдауға әзірміз, - дейді Александр Вайвод.
Мемлекеттік қолдау арнайы киім тігетін кәсіпорынның түлеуіне де сеп болды. Тігін цехының басшылығы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша 15 млн теңгенің несиесін алып, құрал-жабдықтарды сатып алған. Нәтижесінде тігілетін киім-кешектердің түрі 30-ға жетті.
Карантин кезінде обаға қарсы костюм де тіге бастадық. Технологиясын меңгеріп, жергілікті ауруханалардан тапсырыс алдық. Жұмыс орындарын да сақтап қалдық, - дейді кәсіпорын өкілдері.
Айта кетейік, осы жылы 160 бизнес нысаны мемлекеттік бағдарламалардың қатысушысы атанып, көкжиектерін кеңейткен. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының мәліметінше, елімізде төтенше жағдай жарияланған кезде кәсіпкерлерге негізгі қарызды қайтару мерзімін шегертуге мүмкіндік жасалды. Мәселен, субсидиялау және кепілдендіру бойынша 400-ге жуық өтініш қабылданған.
Мамандардың айтуынша, бизнесмендердің өтініштері онлайн режимде әрі оңтайландырылған түрде қарастырылады.