Жаңа облыстар – даму бағыты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысының Жарлығымен 2022 жылғы 8 маусымда үш жаңа өңір құрылды: орталығы Семей қаласы болатын Абай облысы, Орталығы Талдықорған қаласы болатын Жетісу облысы, орталығы Жезқазған қаласы болатын Ұлытау облысы. Жаңа әкімшілік-аумақтық бөлініс бірқатар оң үрдістерге ықпал ететін болады дейді ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ жетекші ғылыми қызметкері Ахметжаров Слямжар.
Біріншіден, жаңа облыстардың пайда болуы жаңа өңірлердің аумақтарын неғұрлым теңгерімді экономикалық дамытуға өзінің әсерін тигізеді. Жаңа өңірлер басшыларының алдында облыстардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын және басқа да индустрияларды дамыту, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құру жөніндегі міндет тұр. Осының барлығы жаңа өңірлер тұрғындарының әл-ауқаты деңгейіне оң әсер етеді.
Екіншіден, жаңа өңірлерді құру бюджеттік дербестікке байланысты биліктің әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға барынша жіті назар аударуына мүмкіндік береді. Басқаша айтқанда, жаңа облыстарда жолдар, білім беру және денсаулық сақтау объектілері, демалыс объектілері және басқа да әлеуметтік маңызы бар жобалар салу мүмкіндігі кеңейеді. Қазіргі уақытта Абай облысында 640 мыңға, Жетісу облысында 670 мыңға, Ұлытау облысында 230 мыңға жуық адам тұрады. Осылайша, бастапқы кезеңде әлеуметтік саланы дамытудың тікелей бенефициарлары 1,5 миллионнан астам адам болады.
Үшіншіден, жаңа әкімшілік аумақтардың пайда болуы осы облыстар тұрғындарының саяси шешімдер қабылдауға қатысу мүмкіндіктерін кеңейтеді. Ең алдымен, бұл республика Парламенті мен облыстық мәслихаттардағы, сондай-ақ өңірлік қоғамдық кеңестердегі депутаттар арқылы осы өңірлер тұрғындарының мүдделерін білдіруді кеңейту арқылы орын алады.
Жаңа әкімдер тағайындалғаннан кейін жергілікті әкімшіліктерді қалыптастыру бойынша ауқымды Ұйымдастыру жұмыстары жүргізілетінін айтып өткен жөн. Атап айтқанда, қысқа мерзімде орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерін құру, мемлекеттік мекемелерді әділет органдарында тіркеу, салық органдарының кодтарын беру, бюджеттердің қолма-қол ақшасын бақылау шоттарын ашу қажет.
Тұтастай алғанда жаңа әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру жергілікті жерлерде мемлекеттік саясатты неғұрлым жүйелі іске асыруға және өңірлер мен орталық мемлекеттік органдар арасында неғұрлым тиімді өзара қарым-қатынас құруға ықпал ететін болады.