Бүгiн 2026, 16:33 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Жаңа министр, жаңа өзгеріс: Бұл оқу жылы несімен есте қалды?

Жасанды интеллект, жаңа министр, аттестация реформасы: биылғы оқу жылы несімен есте қалды?

2025-2026 оқу жылы Қазақстанның білім саласы үшін тарихи әрі өзгерістерге толы кезең болды. Бұл жыл жасанды интеллектіні білім жүйесіне енгізу бастамасымен, мектеп инфрақұрылымын жаңартумен, мұғалімдерді аттестациялау жүйесінің өзгеруімен, халықаралық олимпиадалардағы ірі жетістіктермен және білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған реформалармен ерекшеленді.

BAQ.KZ тілшісі биылғы оқу жылындағы ең маңызды өзгерістер мен оқиғаларға шолу жасады.

Білім саласына жаңа министр келді

2025 жылғы 29 қыркүйекте Мемлекет басшысының Жарлығымен Жұлдыз Сүлейменова Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі қызметіне тағайындалды. Ол бұған дейін Мәжіліс депутаты ретінде білім, жастар саясаты және әлеуметтік мәселелерге қатысты бастамалар көтеріп келген болатын.

Министр қызметіне келгеннен кейін Жұлдыз Сүлейменова білім саласындағы басты бағыттардың бірі ретінде цифрландыру, жасанды интеллект, білім сапасы және ауыл мектептерін қолдау мәселесіне ерекше назар аударды.

Министрдің айтуынша, биылғы оқу жылы Қазақстан білім беру жүйесі үшін тарихи жыл болды.

Үкіметтің баспасөз қызметі

Жалпы биылғы оқу жылы жаңалықтарға толы, тарихи жыл болды. Мемлекет басшысы орта білім жүйесіне жасанды интеллектіні енгізуге байланысты жарлыққа қол қойды. Биылғы жылдың айшықты оқиғасы ретінде жасанды интеллект, цифрландыру және соның негізінде ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайту мәселесі біздің алдымызда басты міндет болып тұр, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Қазақстанда 1200-ге жуық жаңа мектеп салынды

Соңғы жылдары Қазақстанда мектеп инфрақұрылымын жаңарту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Министрдің айтуынша, соңғы үш жылда ел бойынша 1200-ге жуық жаңа мектеп бой көтерген.

BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Оның ішінде 217 «Келешек мектебі» ашылған.

Бұл Мемлекет басшысының білім саласындағы инфрақұрылымды жаңарту және халықаралық стандарттарға сай мектептер салу бағытындағы үлкен реформасы болды, – деді министр.

Жаңа мектептер заманауи зертханалармен, STEM кабинеттерімен, IT және робототехника сыныптарымен жабдықталған. Әсіресе ауылдық жерлердегі білім сапасын арттыру мәселесіне ерекше басымдық беріліп келеді.

Мұғалімдердің мәртебесі мен жалақысына өзгеріс енгізілді

2025-2026 оқу жылында педагогтердің әлеуметтік мәртебесі мен еңбек жағдайына қатысты реформалар да жалғасты.

BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, мұғалімдердің заңнамалық статусы күшейтіліп, жалақысы артқан.

Қазіргі таңда ауылдық жерде жұмыс істегені үшін, магистр дәрежесі үшін, дәптер тексергені үшін педагог кадрларға үстемеақылар қарастырылған. Мұның барлығы осы іргелі реформалардың нәтижесінде болды, – деді министр.

Сонымен қатар министрлік мұғалімдердің қағазбастылығын азайту және кәсіби жүктемесін жеңілдету мәселесіне де назар аударды.

Аттестация жүйесі өзгереді

Биылғы оқу жылындағы ең көп талқыланған өзгерістердің бірі – педагогтерді аттестациялау жүйесінің жаңаруы болды.

Оқу-ағарту министрлігі ұсынған жаңа тәсілдер мұғалімдерге түсетін артық жүктемені азайтуға бағытталған.

BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Жаңа модель бойынша:

  • көптеген педагог үшін міндетті тестілеу алынып тасталады;
  • эссе жазу талабы жойылады;
  • ғылыми мақала жариялау міндеті алынады;
  • авторлық бағдарлама әзірлеу міндетті болмайды.

Министрлік бағалау жүйесі енді тест нәтижесіне емес, педагогтің күнделікті жұмысына және білім сапасына қосқан нақты үлесіне негізделетінін мәлімдеді.

Тестілеу тек:

  • педагогикалық мамандыққа алғаш келген түлектерге,
  • қызметін қайта бастаған мұғалімдерге,
  • мектеп директорлары мен әдіскерлерге сақталады.

«Ұстаз» платформасы іске қосылады

Жаңа аттестация жүйесіндегі басты өзгерістердің бірі – толық цифрландыру болды.

BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Енді аттестация «Ұстаз» платформасы арқылы жүргізіледі. Платформада:

  • еңбек өтілі,
  • сертификаттар,
  • кәсіби жетістіктер,
  • портфолиоға қажетті мәліметтер
    автоматты түрде қалыптасады.

Министрлік бұл жүйе мұғалімдердің уақытын артық есепке емес, оқушымен жұмыс істеуге бағыттауға мүмкіндік береді деп есептейді.

Білім мазмұны өзгере бастады

2025-2026 оқу жылында министрлік білімнің мазмұнына ерекше назар аудара бастады.

BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Министрдің айтуынша, енді жаратылыстану-ғылыми пәндерді тереңдетіп оқытуға басымдық беріледі.

Біз білімнің сапасына, білімнің мазмұнына және білімді бағалау жүйесіне қайта зерделеу жүргізіп жатырмыз. Бұл өзгерістер тамыз кеңесінде таныстырылады, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

«Зерделі ұлт»: кітап оқуға басымдық беріледі

Биыл Мемлекет басшысы «Зерделі ұлт» бастамасына қол қойды. Министрдің айтуынша, жасанды интеллектіні дамыту маңызды болғанымен, кітап оқу мәдениеті де басты назарда қалады.

BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Технологияны дамытқанымен, біз кітап оқуға, оқу арқылы баланың сын тұрғысынан ойлауын дамытуға көп көңіл бөлетін боламыз, – деді министр.

Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадаларда рекорд жаңартты

2025-2026 оқу жылы халықаралық олимпиадалардағы жетістіктермен де есте қалды.

BAQ.KZ архиві

Биыл:

  • 1,6 миллионға жуық оқушы 80-нен астам республикалық зияткерлік жарысқа қатысты;
  • 5052 оқушы халықаралық деңгейде ел намысын қорғады;
  • қазақстандық оқушылар 1026 медаль жеңіп алды.

Оның ішінде 190 алтын, 332 күміс және 504 қола медаль бар.

Министрдің айтуынша, халықаралық білім додаларында 3000-ға жуық оқушы қатысып, олардың 1900-ге жуығы жүлделі орын алған.

BAQ.KZ архиві

Әрбір екінші оқушы халықаралық білім додасында еліміздің көк байрағын биіктен желбіретіп, намысын қорғады. Мұның барлығы біздің ұстаздарымыздың нәтижелі еңбегі, – деді министр.

Қазақстан құрамасы:

  • European Mathematical Olympiad жарысында абсолютті көшбасшы атанды;
  • Balkan Mathematical Olympiad-та үздік алтылыққа енді;
  • Regeneron ISEF ғылыми-инженерлік көрмесінде арнайы марапат алды;
  • Хьюстондағы робототехника жарыстарында 12 награда жеңіп алды.

Олимпиада жеңімпаздарына миллиондаған сыйақы беріледі

Биыл халықаралық олимпиада жеңімпаздарын ынталандыру жүйесі де күшейтілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен:

  • алтын медаль үшін – 1500 АЕК,
  • күміс медаль үшін – 1000 АЕК,
  • қола медаль үшін – 500 АЕК көлемінде біржолғы төлем қарастырылды.

Ал педагог-жаттықтырушыларға 8,5-тен 26,5-ке дейінгі базалық лауазымдық айлықақы көлемінде төлем беріледі.

Балалар лагеріне лицензия енгізілді

2026 жылғы 1 сәуірден бастап Қазақстанда алғаш рет балалар сауықтыру орталықтарын лицензиялау жүйесі енгізілді.

BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Енді балалар лагерлері:

  • қауіпсіздік,
  • санитарлық талап,
  • медициналық қызмет,
  • кадрлық қамтамасыз ету,
  • материалдық база бойынша
    бірыңғай стандартқа сай болуы тиіс.

Лицензия 5 жылға беріледі.

Министрлік бұл өзгеріс балалар демалысының сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталғанын мәлімдеді.

Жеке мектептерге талап күшейеді

BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Биыл жеке мектептерге қатысты талаптарды күшейту мәселесі де көтерілді.

BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Министрлік енді жеке мектептер тек нақты қажеттілік бар өңірлерде ашылатынын мәлімдеді.

Лицензия:

  • үш ауысымды мектеп мәселесі бар,
  • апатты мектептерді алмастыру қажет,
  • мемлекеттік мектеп жетіспейтін
    аймақтарға ғана беріледі.

Сонымен қатар жеке мектеп құрылтайшылары:

  • білім сапасына,
  • мұғалімдердің біліктілігіне,
  • оқушы қауіпсіздігіне
    жауапты болады.

Қазіргі таңда Қазақстанда 785 жеке мектептің құжаты цифрландырылған және 890 жеке мектеп лицензия алған.

«Бұл жыл табысты болды»

Министрдің айтуынша, 2025-2026 оқу жылы білім саласы үшін жемісті жыл болды.

BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Бұл жыл Оқу-ағарту министрлігі үшін, 420 мың ұстазымыз үшін өте табысты, жемісті жыл болды деп айтуға толық негіз бар, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Биыл Қазақстан бойынша:

  • 215 мыңға жуық түлек мектеп бітірді;
  • 18 мыңға жуық оқушы мектепті үздік аяқтады.

Ал білім саласындағы басты трендтер:

  • жасанды интеллект,
  • цифрландыру,
  • ауыл мектептерін дамыту,
  • білім сапасын арттыру,
  • мұғалім жүктемесін азайту,
  • халықаралық бәсекеге бейімделу
    бағытында өрбіді.
BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов