Жаңа министр: Қызметтен кетсем жыламаймын
Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин жаңа қызметіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет кулуарында журналистер Жұманғариннен жауапты қызметінің қиын кезеңде қолға алғанын айтты.
Оған жауап ретінде жаңа министр былай деп жауап берді:
Мен мемлекеттік қызметкермін. Шынымды айтсам, ешқандай лауазымға қуанбаймын да, кетер кезде де жыламаймын. Себебі ол жұмыс – жауапты қызмет. Кеше Мемлекет басшысына сеніміңізді ақтаймын әрі адал, белсенді түрде тырысамын дедім, – дейді Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.
Сонымен қатар журналистер Серік Жұманғариннен бұрынғы министр Бақыт Сұлтанов қандай қателіктер жібергені туралы сұрады.
Менің әріптесім Бақыт Тұрлыханұлы – тәжірибелі, белсенді, кәсіби маман. Әрине, қиын уақыт болды. Екі үлкен мәселенің қайдан шыққанын білесіздер. Біріншісі – COVID, екіншісі – Украина дағдарысы. Ол, әрине бағаларға да, логистикаға да әсер етті. Сол себепті, қазір біреуді жамандап, біреуді мақтайтын жағдайым жоқ. Менің қазіргі міндетім – ертең осындай жағдайдың қайталанбауы, - деді Сауда және интеграция министрі.