Жаңа министр қандай спорт түрлеріне басымдық бермек
Мәжіліс кулуарында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елімізде қандай спорт түрлеріне басымдық берілетінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Елімізде 180 спорт түріне қаржы бөлінеді. Өзіңіз 60 спорт түріне ерекше назар аударылатынын айттыңыз. Бұл жұмыс қашанға дейін жалғасады? Нақты 60 спорт түрі қала ма? Оның тізімін қашан және қайдан көруге болады? – деп сұрады журналистер.
Министр басым спорт түрін анықтау бойынша жұмыс тобы құрылғанын айтты.
Жұмыс тобы әр өңірдің географиялық орналасуына, инфрақұрылымына және бұрын қалыптасқан мектебіне байланысты. Мысалы жазғы олимпиада спорт түрлерін, қысқы олимпиада спорт түрлерін, ұлттық спорт түрлерін, паралимпиада және Азия ойындарына кіретін спорт түрлерін саралап, толық бекітіп беріміз. Бюджетті де сол спортқа сәйкес жүргіземіз, - деп түсіндірді Мырзабосынов Мәжіліс кулуарында.
Еске сала кетсек, бұған дейін Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы енді бюджет қаржысы 180 спорт түрінің бәріне берілмейтінін айтқан еді.
Сонымен қатар бүгін министр елімізде заң аясында спорт саласында жаңа іріктеу жүйесін енгізу қарастырылғанын айтты.
Бұл ретте Туризм және спорт министрлігі халықаралық жарыстарда жеңіп алған медальдардың қорытындысы бойынша басымдық берілетін спорт түрлерін бекітеді.
Сонымен қатар спорт федерацияларын аккредиттеу тәртібін өзгерту аясында оның үлгісі енгізіледі. Онда Туризм және спорт министрлігінен аккредиттеу рәсімінен өтуге міндетті талап қамтылады.
Атап айтқанда, республикалық, облыстық және жергілікті спорт федерациялары аккредиттелуі қажет. Оның үстіне жергілікті спорт федерациялары міндетті түрде республикалық немесе аймақтық федерацияның мүшесі болуы керек.