Жаңа министр ант берді
Жаңадан тағайындалған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев ант берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстан халқы мен президенті алдында өз Отаным – Қазақстанның экономикалық және рухани даму ісіне барлық күш-жігерім мен білімімді жұмсауға, мемлекеттің Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, өзімнің барлық іс әрекетімде заңдылық пен әділеттілік, азаматтық, ұлтаралық және конфессияаралық татулық принциптерін ұстануға, Қазақстан халқына адал қызмет етуге, өз елімнің мемлекеттілігі мен дүниежүзілік қоғамдастықтағы беделін нығайта беруге салтанатты түрде ант етемін, - деді Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында.
Еске салсақ, 6 мамыр күні Жаслан Мәдиев Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі лауазымына тағайындалған еді.
Жаслан Мәдиев 1983 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Колумбия университетін, Массачусетс технологиялық институтын тәмамдаған.
Еңбек жолын 2004 жылы «Альянс банк» АҚ Халықаралық қатынастар департаментінің Халықаралық қаржы институттарымен жұмыс басқармасының маманы болып бастаған.
2007-2008 жылдары — «Қазына» тұрақты даму қоры» АҚ корпоративтік қаржыландыру департаментінің бас менеджері.
2008 жылы Президент Әкімшілігінің Стратегиялық талдау және зерттеулер орталығында, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-да жұмыс істеді.
2009-2010 жылдары — «KAZYNA CAPITAL MANAGEMENT» АҚ басқарма төрағасының орынбасары.
2010-2014 жылдары — «Қазақстанның даму банкі» АҚ басқарушы директоры-мүшесі, басқарма төрағасының орынбасары.
2014-2015 жылдары Ұлттық банктің құрылымында басшылық лауазымдарды атқарды.
2017-2018 жылдары — «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ вице-президентінің міндетін атқарушы, қаржы жөніндегі вице-президенті.
2018 жылы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ қаржы жөніндегі басқарма төрағасы болып тағайындалды.
2019-2020 жылдары — Ұлттық экономика вице-министрі.
2020 жылғы қазаннан бастап қазіргі таңға дейін Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
2022 жылы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі болып тағайындалған болатын.