17 Қазан 2026, 14:05 Фото: ©️BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

80 жылдық тарих пен жаңа міндеттер: Қазақстан ғылымы қай бағытта дамып жатыр?

Бүгін Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

1946 жылы Қаныш Сәтбаевтың бастамасымен құрылған академияның 80 жылдық тарихы отандық ғылымның қалыптасуы мен дамуын, жетекші ғылыми мектептердің құрылуын және бірнеше буын ғалымның еңбегін қамтиды. 

Мерейтойлық шараға мемлекеттік органдардың басшылары, шетелдік ғылым академияларының өкілдері, қазақстандық және шетелдік ғалымдар, жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың жетекшілері, халықаралық серіктестер және жас зерттеушілер қатысты.

Фото: ©️BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Жиында отандық ғылымның жетістіктері мен болашақ даму бағыттары таныстырылды.

Фото: ©️BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Мерейтой аясында Қазақстан Республикасы Президентінің архивімен бірлесіп дайындалған «Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясына – 80 жыл» атты тарихи-құжаттық көрме ұйымдастырылды.

Фото: ©️BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Экспозицияға 1932–2025 жылдар аралығын қамтитын 70-тен астам архив құжаты мен фотосурет қойылды.

Фото: ©️BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Олардың арасында академияның құрылуы, Қаныш Сәтбаевтың ғылыми қызметі, жетекші ғылыми мектептердің қалыптасуы және отандық ғылымның ел дамуына қосқан үлесі туралы тарихи материалдар болды.

Фото: ©️BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Академия президенті Ақылбек Күрішбаев өз баяндамасында ұйымның елдегі жоғары ғылыми ұйым ретіндегі қызметінің жаңаруына және ғылыми-технологиялық басымдықтарды айқындаудың жаңа тәсілдеріне тоқталды.

Бүгінгі салтанатты шарамыздың мақсаты - мерейтойды атап өту ғана емес. Бүгін Ұлттық ғылым академиясы соңғы үш жылда істеген жұмысын ғылыми қауымдастыққа есеп ретінде ұсынады. Екіншіден, Қазақстан ғылымының даму бағдарламасын жариялаймыз. Соған арнап жаңа стратегия дайындауымыз керек. Сондықтан Ұлттық ғылым академиясы жаңа концепция дайындады. Ол жерде жүйелі өзгерістер қарастырылып жатыр. Жалпы ғылыми жобалардың ұйымдастыру мәселесін өзгертеміз, - дейді академия басшысы. 

Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, Ұлттық ғылым академиясы жаңа, төрт деңгейлі басымдықты анықтайтын модель ұсынған. 

Үкімет толық қолдады. Енді 2027 жылдан бастап жаңа модель енгізілетін болады. Қазіргі таңда академия тек сараптама өткізіп қана қоймай, ғылыми жобаларды басқарады. Сегіз флагмандық жоба бар. Экономиканың әр саласына арналған бес, одан көп мерзімге арналған жобалар, - дейді Ақылбек Күрішбаев. 

Фото: ©️BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Сонымен қатар, академия президенті Ақылбек Күрішбаев баяндамасында 75-тен астам өңірлік және салалық форсайт-сессияның қорытындысы бойынша 220-ға жуық перспективалы міндет анықталғанын айтты.

Фото: ©️BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Салтанатты жиын барысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек академияға табыс тілеп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. 

Фото: ©️BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Сонымен қатар, жиында Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебайдың, Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошановтың, Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының құттықтау хаттары оқылды. 

Фото: ©️BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Шараға көршілес және шет елдердің Ғылым академиясының өкілдері арнайы келген. Солардың бірі - Түркия Ғылым академиясының (TÜBA) президенті, ҚР ҰҒА-ның шетелдік мүшесі Музаффер Шекер. 

Фото: ©️BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Ресей ғылым академиясының президенті Геннадий Яковлевич Красниковтың құттықтауын академияның вице-президенті Николай Макаров жеткізді. 

Фото: ©️BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Одан бөлек, Қытай Ғылым академиясының президенті Хоу Цзяньгоның, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының президенті Шавкат Аюповтың, Моңғолия Ғылым академиясының президенті Содномсамбуу Дэмбэрэлдің, Татарстан Республикасы Ғылым академиясының президенті Рифкат Миннихановтың құттықтау хаты оқылып, Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының президенті Иса Акпер Оглы Габиббейди, Қырғыз Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті  Бекмамат Дженбаев арнайы келіп, академия өкілдерін мерейтойымен құттықтады. 

Фото: ©️BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Сондай-ақ жиында 2027 жылдан бастап су ресурстары, сейсмикалық қауіпсіздік, маңызды минералдар, энергетикалық материалдар, ауыл шаруашылығы селекциясы, биотехнология және автомобиль жолдарының технологиялары бойынша ірі ғылыми-техникалық бағдарламаларды іске қосу жоспарлары таныстырылды.

Фото: ©️BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Мерейтойлық жиында Қазақстанның 2037 жылға дейінгі ғылыми-технологиялық даму стратегиясын әзірлеу мәселесіне ерекше назар аударылды.

Фото: ©️BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Салтанатты жиын марапаттау рәсімімен аяқталды.

Фото: ©️BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Шетелдік ғылым академияларының басшыларына Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығына арналған мерейтойлық медальдар табысталды.