Жаңа Конституциямызға сәйкес адал қызмет етуге серт беремін – Тоқаев
Мемлекет басшысы жаңа Конституцияның қандай құжат екенін мәлімдеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып, ел егемендігін күшейтетін стратегиялық құжат екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жаңа Конституцияны қабылдау – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру деген сөз. Бұл – дұрыс пен бұрысты тани білетін, жақсы мен жаманның ара-жігін ажырата алатын, кемеліне жеткен жұрттың ғана қолынан келетін іс. Жаңа Конституция елдігіміздің тірегі, егемендігіміздің тұғыры болады. Оның әр нормасы, әр тармағы Тәуелсіздігімізді нығайта түседі, - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Тоқаевтың айтуынша, Әділдік қағидаты бас құжаттың өзегіне айналып отыр.
Сондықтан жаңа Ата заңды Әділетті Қазақстанның төлқұжаты десек, қателеспейміз. Мен ел Президенті және Конституция кепілі ретінде бас құжаттағы ережелердің мүлтіксіз орындалуы үшін бар күш-жігерімді саламын. Жаңа Конституциямызға сәйкес адал қызмет етуге серт беремін. Еліміз әрқашан өсіп-өркендей берсін! Қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасы мәңгі жасасын!, - деп түйіндеді Президент.