Жаңа Конституцияда цифрлық құқық қорғалады - Еркежан Күнтуғанқызы

Астанада ІХ мәрте өткен Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның отырысында "Жібек жолы" телеарнасының директоры Еркежан Күнтуғанқызы жаңа Конституциядағы адамдардың цифрлық құқықтарының қорғалуы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, жаңа Конституцияда адам капиталын, ғылым мен инновацияны дамыту мемлекеттің стратегиялық басымдығы екені көрсетілген.

Қарапайым тілмен айтқанда, білім мен зияткерлік елдің басты құндылығы ретінде ресми түрде бекітілмек. Жастар үшін бұл — білім алуға, ғылыммен айналысуға және жан-жақты дамуға мүмкіндік, ал қоғам үшін — тек табиғи ресурстарға ғана емес, ақыл мен талантқа негізделген экономикаға қадам, — деді телеарна басшысы.

Сонымен қоса ол азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау қағидаларының бекітілуіне де тоқталды.

Бұл жеке деректерді қорғау, желідегі қауіпсіздік және тіпті өз пікірін еркін білдіру нақты құқықтық негізге ие болады деген сөз. Елдің цифрлық кеңістігі бей-берекеттік емес, ережеге негізделе алады. Бұл әрине, журналистер, блогерлер және жалпы онлайн бизнес үшін маңызды. Жаңа Конституция жобасы азаматтардың құқықтық қорғалуын да күшейтеді. Әділдік қағидаттары, кінәсіздік презумпциясы нормалары бекітіледі. Бұл дегеніміз, адам құқықығының жан-жақты нақты қорғалғаны туралы, — деді Еркежан Күнтуғанқызы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы