Жаңа Конституцияда дін мен мемлекеттің ара-жігі нақты ажыратылған - Аида Балаева
Жаңа Конституция жобасында дін мен мемлекеттің ара-жігі нақты ажыратылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Аида Балаева елордада өтіп жатқан Конституциялық комиссия отырысында мәлімдеді.
Жаңа Конституция жобасында дін мен мемлекеттің ара-жігі нақты ажыратылып, білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты айқындалды. Білімнің зайырлы болуы көпконфессиялы қоғам үшін жас ұрпақтың дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді. Сондай-ақ Конституцияда некенің ер адам мен әйел адамның ерікті таңдауы мен тең құқығына негізделген одақ екені анық көрсетілген. Бұл тұжырым қоғамдағы отбасы институтының маңызын көрсетеді. Сондықтан мұндай қағидатты орынды деп ойлаймын, - деп атап өтті вице-премьер.
Айтуынша, аталған норманың мәні зор.
Аталған норма отбасы институтының тұрақтылығын нығайтуға, дәстүрлі құндылықтарды құқықтық деңгейде қорғауға және әйелдердің құқығы мен заңды мүдделерін күшейтуге негіз болатыны анық, - деп нақтылады Аида Балаева.