Бүгiн 2026, 10:41 Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Жаңа Конституцияда азаматтардың құқықтарына қатысты қандай өзгеріс бар?

Әділет министрі Үкімет отырысында жаңа Конституция мемлекеттің жаңа философиясын қалыптастырғанын айтты.

Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты Үкімет отырысында баяндама жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министр бүгінгі күн еліміз үшін ерекше әрі маңызды екенін атап өтті.

Бүгін – еліміздің тарихындағы ерекше әрі маңызды күн. Біртұтас Қазақстан халқының қолдауымен қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы ресми түрде күшіне енді. Осы күннен бастап оның ережелері еліміздің құқықтық жүйесінің, мемлекеттік билік институттары қызметінің және ұзақ мерзімді прогресске бағытталған жаңа қоғамдық келісімнің одан әрі дамуына берік негіз болады. Жаңа Конституциямен бекітілген Әділетті Қазақстан идеясының өзегінде – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары орналасқан, - дейді Сәрсембаев.

Оның айтуынша, адамға бағдарланған қағидатқа сәйкес Конституцияда адам құқықтарының кепілдіктері едәуір кеңейтілді.

Алғаш рет Негізгі Заң деңгейінде азаматтардың жағдайын нашарлататын заңдарға кері күш беруге тікелей тыйым салынды. Бұл құқықтық айқындықты күшейтіп, қоғамның заңдарға деген сенімін арттырады. Қоғамның цифрлық даму жағдайында адамның дербес деректерін қорғау – конституциялық деңгейде бекітілді. Сондай-ақ әр азаматқа мемлекеттің заңсыз әрекетімен келтірілген зиянды өтетіп алу құқығы конституцияда айқын көрсетілді. Осындай және өзге де ережелер адам құқықтарын қорғаудың кепілдіктерін күшейтіп қана қоймай, заңнаманың тиісті салаларын одан әрі жетілдіруді талап етеді, - дейді Әділет министрі.

Ерлан Сәрсембаев Конституция мемлекеттік билік жүйесін түбегейлі жаңартқанын айтты.

Кеше біз екі палаталы Парламенттің 30 жылдық тарихи миссиясының аяқталғанына куә болдық. Тамыз айында Құрылтайға сайлау өтіп, мемлекеттік билік жүйесі толықтай қайта құрылады. Конституцияны заңнамалық тұрғыдан іске асыруға келетін болсақ, бұл жұмыс кезең-кезеңімен жүргізілуде. Конституцияны іске асыру жөніндегі Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес алғашқы кезеңде заңдардың тоғыз «топтамасы» қабылданды. Атап айтқанда, 5 дербес конституциялық заң қабылданды. Қолданыстағы 9 конституциялық заң, 15 кодекс және 51 заң жаңа Конституцияға толықтай сәйкес келтірілді. Нәтижесінде мемлекеттік институттардың қызметіне және Құрылтайға сайлауды өткізуге қажетті құқықтық негіз қалыптастырылды. Бір мезгілде мемлекеттік органдармен көптеген заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізілді. Осылайша, Конституцияның толыққанды күшіне енуіне қажетті барлық нормативтік-құқықтық база қалыптастырылды, - дейді ол.

Министрдің сөзінше, келесі кезеңде жаңа конституциялық құндылықтар мен қағидаттарға сүйене отырып, бүкіл құқықтық жүйені кешенді түрде дамыту қажет.

Бұл бағыттағы жұмыс басталды. Үкімет бекіткен Конституцияны түсіндіру жөніндегі іс-шаралар жоспары аясында мемлекеттік органдар қолданыстағы заңнамаға кешенді талдау жүргізуде Әділет министрлігі тиісті үйлестіру жұмысын қамтамасыз етуде. Мысалы, Қазақстан Республикасының азаматтығын алу, цифрлық ортада дербес деректерді қорғау және мемлекеттің әлеуметтік саясатын жетілдіру бойынша жаңа тәсілдер әзірленуде. Басты міндеттердің бірі – Конституцияға енгізілген новеллаларды Әділетті Қазақстан призмасы аясында іске асыру. Кеше Парламент сессиясының жабылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев шынайы әділетті қоғам – игілікті тең дәрежеде бөлу емес, ол – әр азаматқа тең мүмкіндіктер жасауға бағытталған тиімді жүйе екендігін атап өтті. Осыған байланысты Мемлекет басшысы норма шығару процесіне жаңа көзқараспен қарап, болжамдық талдауға, құқықтық және экономикалық салдарларға сүйену қажеттігіне ерекше назар аударды. Аталған тезистерді ескере отырып, Құрылтай қалыптасқанға дейін, сайлау кезеңінде мемлекеттік органдар заңнаманы одан әрі жетілдіру бойынша барлық қажетті тәсілдерді әзірлейтін болады, - дейді ол.

Әділет министрі жаңа Конституция құқықтық саясаттың философиясын да өзгертуді талап ететінін айтты.

Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасы (2021 жылғы 15 қазанда бекітілген) бұрынғы конституциялық модельге сәйкес қабылданған болатын. Ал бүгін жаңа Конституцияның күшіне енуімен түбегейлі өзгерістер орын алды.

Конституция алғаш рет:
* «Заң мен Тәртіп» қағидатын;
* адами капиталды дамытуды;
* жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын;
* білім беру, ғылым және инновацияны мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде бекітті.

Осыған байланысты біз құқықтық жүйенің ұзақ мерзімді даму бағыттарын айқындап, оның тұтастығын қамтамасыз етуіміз тиіс. Демек, Конституция Әділетті Қазақстанның қандай болуы керектігін айқындаса, жаңа Құқықтық саясат тұжырымдамасы оған жетудің құқықтық жолын көрсетуі тиіс, - деді министр.

Осыған байланысты Әділет министрлігі Құқықтық саясат тұжырымдамасын жаңарту бойынша тиісті тәсілдер әзірлеуде.

Жаңартылған тұжырымдама:

  • құқықтың адамға бағдарланған моделіне және мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісіне көшуді;
  • цифрлық құқықты, жасанды интеллектіні, ғылым мен инновацияны дамытуды;
  • жаңа буындағы экологиялық құқықты және басқа да маңызды бағыттарды қамтуы тиіс.