Жаңа Конституция жобасы: Негізгі ұғымдар қайта айқындалды

Конституциялық Сот төрағасының орынбасары, Конституциялық комиссия мүшесі Бақыт Нұрмұханов комиссияның алтыншы отырысында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жоба мәтінінде Қазақстанның қандай мемлекет екені нақты айқындалған. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы унитарлы мемлекет екені, ал басқару нысаны президенттік республика екені көрсетілген.

Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, осылайша бірқатар ғалымдар мен мамандардың басқару нысанын нақтылау жөніндегі ұсынысы жүзеге асты.

Сонымен қатар елдің әкімшілік-аумақтық құрылысын қатардағы заңмен емес, конституциялық заңмен айқындау ұсынылып отыр. Егемендік пен тәуелсіздік, унитарлық, аумақтық тұтастық және республиканың басқару нысаны ешқашан өзгермейтін негізгі құндылықтар қатарына енгізілді. Бұл қағидалар Конституцияның алғашқы нормаларында бекітілген, – деді ол.

Сондай-ақ комиссия отырысында егемендіктің халыққа тиесілі екенін конституциялық деңгейде бекіту туралы ұсыныс қолдау тапты. Бұл норма Конституция жобасының 4-бабында «мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі – Қазақстан халқы» деп нақты көрсетілген.

Бұдан бөлек, Конституция мәтінінде «республикалық референдум» ұғымын «жалпыхалықтық референдум» деп өзгерту көзделіп отыр. Жобаға сәйкес, халық билікті жалпыхалықтық референдум және еркін сайлау арқылы тікелей жүргізеді, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Конституциялық сот
Өзгелердің жаңалығы