Жаңа Конституция жауапкершіліктің қатаң ережелерін енгізеді – депутат

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы – Конституциялық комиссияның ашық әрі мазмұнды жұмысының нәтижесі және қоғамның егемендікті нығайтуға, адам құқықтарын қорғауға және мемлекеттің жауапкершілігін арттыруға деген сұранысын көрсетеді. Бұл туралы Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының отырысында Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Снежанна Имашева мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оның айтуынша, Конституциялық комиссияның алты отырысында парламенттік реформалар ғана емес, азаматтардан, сарапшылар қауымы мен азаматтық қоғам институттарынан түскен барлық ұсыныс жан-жақты талқыланды. Бұл ретте қоғамның басты назары Конституцияның негізгі қағидаттары мен оның құндылықты мазмұнына ауды.

С. Имашева атап өткендей, Преамбуланың жаңа редакциясы ерекше маңызға ие. Өйткені дәл осы бөлім біз кімбіз, қайдамыз және мемлекет ретінде қай бағытта дамып келеміз деген іргелі сұрақтарға жауап береді. Айтуынша, қабылданған нұсқа елдің болашақ дамуының стратегиялық бағдарларын нақты көрсетеді және қоғам тарапынан оң бағасын алып үлгерді.

Сонымен қатар, Конституция жобасында Қазақстан Республикасының қызметінің негізгі қағидаттары едәуір күшейтіліп, кеңейтілген. Онда мемлекеттің унитарлық сипаты, президенттік басқару нысаны, сондай-ақ халықтың егемендік иесі әрі мемлекеттік биліктің бірден-бір көзі екені нақты бекітілген. Бұл нормалар өзгермейтін құндылықтар қатарына жатқызылып, Ата заңның алғашқы баптарына енгізілген.

Өз сөзінде Снежанна Имашева коммерциялық емес ұйымдарды шетелден қаржыландырудың ашықтығына ерекше назар аударды.

Жаңа Конституцияда шет мемлекеттерден, халықаралық ұйымдардан, шетелдік заңды және жеке тұлғалардан қаржы алатын үкіметтік емес ұйымдардың ақшасы мен активтерінің қозғалысы ашық болуы тиіс деген норма бекітіледі. Қоғам мен мемлекет шетелден қаржыландырылатын ұйымдардың қандай көлемде және кімнің мүддесі үшін жұмыс істеп жатқанын білуі қажет. Бұл конституциялық норма ашықтықты қамтамасыз етуге және ұлттық мүддені қорғауға бағытталған, – деп атап өтті ол.

Адамның құқықтары мен бостандықтары туралы айта келе, Имашева Конституция жобасы Қазақстан ратификациялаған халықаралық пактілерді және Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын қоса алғанда, халықаралық деңгейде мойындалған актілердің талаптарын барынша ескеретінін айтты. 

Құжатта өмір сүруге абсолютті құқық, жеке басқа тиіспеу, «Миранда ережелері», цифрлық дәуір жағдайында жеке деректерді қорғау, сондай-ақ қылмыстық процесте жеке бостандық кепілдіктерін күшейту нақты бекітілген.

Маңызды жаңалықтардың бірі – қос және көп азаматтыққа тыйым салуды конституциялық деңгейде нақты бекіту. Жобаға сәйкес, басқа мемлекеттің азаматтығының болуы Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға негіз болады.

Депутаттың айтуынша, сөз бостандығына қатысты бөлім қоғамда ерекше талқыланған. Конституцияға пікір білдіру және ақпарат тарату бостандығы басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, азаматтардың денсаулығына, адамгершілікке және қоғамдық тәртіпке нұқсан келтірмеуі тиіс деген норма енгізілген.

Қазір әр адам ақпарат таратушыға айналды. Интернеттегі қудалау, қорлау мен кемсіту кей жағдайда, әсіресе балалар арасында қайғылы салдарға әкеліп жатады. Мен әрі қарай да қысым көруге дайынмын, бірақ бұл норманы қалдыруымыз қажет. Адамның іс-әрекеті мен шешімдерін сынауға болады, бірақ қорлауға болмайды. Адамның ар-намысы мен қадір-қасиеті конституциялық құндылық болуы тиіс, – деді Снежанна Имашева.

Сонымен қатар, Конституцияда банктік құпия мен жеке салымдарды қорғау кепілдіктері, сондай-ақ мемлекеттің зайырлылық қағидаты және діннің мемлекеттік биліктен бөлінуі бекітілген.

Сөз соңында депутат жаңа Конституция жобасындағы жаңашылдықтар қоғам мен мемлекеттің стратегиялық даму міндеттеріне сай келетінін, адам құқықтарын толық іске асыруға жағдай жасап, заң үстемдігін нығайтатынын атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы