Жаңа Конституция заң қабылдауға қалай әсер етеді?
Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының жобасын жариялады.
Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының жобасын жариялады. Жаңа Конституция жобасы 11 бөлімнен және 96 баптан тұрады. Мәжіліс депутаттары жаңа жоба қабылданса, қандай заң қабылданатынын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл құжат азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстардың жан-жақты талдауы, ашық қоғамдық талқылаулар және жаңа нормалар мен ережелерді мұқият пысықтаудың нәтижесінде дайындалды.
Конституциялық реформа: бастамасы мен негізгі кезеңдері
Конституциялық реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастамасының негізінде жүзеге асып отыр. Президент бұл идеяны 2025 жылғы 8 қыркүйектегі халыққа арналған Жолдауында білдірді. Онда ол елдің саяси жүйесін кешенді жаңғырту және жасанды интеллект дәуірінде әлеуметтік-экономикалық дамуға серпін беру мақсатында парламенттік реформаны ұсынды.
Сол жылдың 8 қазанында Парламенттік реформаны іске асыру жөніндегі жұмыс тобы құрылып, құрамына құқықтанушы ғалымдар, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді.
Қоғам белсенділігі ерекше болды: азаматтар өз пікірлері мен ұсыныстарын e-Otinish және eGov порталдары арқылы жіберіп отырды. Жалпы алты айға созылған талқылаулар барысында жұмыс тобы азаматтардан түскен 2 мыңнан астам ұсынысты жүйелеп, жан-жақты қарады.
Ұлттық құрылтай мен Конституциялық комиссия
2026 жылғы қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы атқарылған жұмыстың қорытындысын айтып, алдағы өзгерістерге қатысты өз көзқарасын білдірді. Жұмыс барысында Ата заңның бастапқыда 40 бабына өзгерістер енгізу көзделгенімен, кейін олардың көлемі саяси және қоғамдық өмірдің көптеген салаларын қамтитын ауқымды реформаға айналғаны белгілі болды.
2026 жылғы 21 қаңтарда Конституциялық комиссия құрылды. Оның құрамына Ұлттық құрылтай мүшелері, құқықтанушылар, орталық мемлекеттік органдардың қызметкерлері, БАҚ өкілдері, мәслихат төрағалары, аймақтық қоғамдық кеңестердің өкілдері және ғылыми қауымдастық мүшелері кірді – жалпы 130 адам. Осылайша, комиссия құрамында Қазақстанның барлық әлеуметтік топтары мен аймақтары толық қамтылды.
Комиссияны Конституциялық Сот Төрағасы Эльвира Азимова басқарады. Оның орынбасарлары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин және Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы жаңа Конституцияның маңызды екенін атап өтті.
«Тілшілік тіршілікте талай түйткілді айттым, қазір Мәжілістің қабырғасында да елмен етене араласып жүрмін. Сол себепті жаңа Ата заңдағы әр бап, әр тармақ құмының құны құйма алтыннан қымбат қазақтың құқығын қорғайды деген сенімдемін.
Жаңа Ата Заң бүгін мен болашақтың ғана қамын күйттеген құжат емес. Қатпар-қатпар тарихы бар ұлы ұлт - Қазақтың өткенін тасқа қашып жазғандай Конституцияда айқын көрсетті.
Ата заңның нұсқасы жұртқа жарияланғанда өзім парламенттің мінберінен көтеріп жүрген тақырыптарды түгендедім. Білім мен ғылымға, мәдениетке басымдық берген баптарды көрдім, көңілім толды. Ғалымдарға лайықты көңіл бөлмей келіп, артынша «ақылды бастар, дарынды жастар шетелге кетіп жатыр немесе мәдениет саласы ақсап қалды» деп сан соғып отырғанымыз кеше ғана еді. Жаңа Ата заң аталған саладағы сайыпқырандарға тиісті жағдай жасап, оларды қолдайтын қадам болады деп білемін.
Егемендіктің егесі, жердің асты мен үстіндегі байлықтың иесі боп табылатын халқымыздың құқығын қамтамасыз етуге бағытталған баптарды баршаңыз көріп білдіңіздер. Бастысы Ұлттық қауіпсіздік, бекем бірлік құжаттағы тармақтарға толық жазылды».
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов реформа аясында саяси жүйенің икемділігін және азаматтардың құқықтық қорғалуын атап өтті.
«Бұл – тек саяси шешім емес, бір топтың ғана емес, халықтың сұранысы. Біз, парламент депутаты ретінде, кейбір заңдарды қабылдағымыз келеді, бірақ қазіргі Конституция бізге рұқсат бермейді. Мысалы, шетелдіктер неге бізде тегін емделеді? Неге жыл сайын 6,5 миллион адам тегін емханаға, білім жүйесіне қатыса алады, ЦОН-ға барады, кезекке тұрады – біздің берген ақшамызға тегін пайдаланады? Біз айтамыз, неге тоқтатпаймыз? Қазіргі Конституцияда шетелдіктердің барлығы тең құқыққа ие деп жазылған. Сондықтан біз Конституцияны өзгертуге мәжбүр болдық.
Білім саласы да солай. Әйтеуір оқытсақ болды – барлығына бірдей мүмкіндік беріледі. Ал жұмысқа тұру және банктер мәселесі – тағы бір мысал. Мысалы, бір жарым миллион адам банк картасынсыз қалып отыр, сондықтан жұмысқа тұра алмайды. Шын мәнінде олардың құқықтары бұзылып отыр. Банктер өздері қорғау үшін осылай істейді, бірақ біз оны түзету үшін шара қолдандық.
Қазіргі Конституция бойынша адам еңбек етуге және айлық алуға құқылы. Жаңа Конституция шыққаннан кейін біз банкілерге «Бүкіл шоттарды ашып беріңдер, адамның жұмыс істеуіне кедергі жасамаңдар, ақшасын алып кетуге құқығы жоқ» деп айтамыз. Міне, осы жаңа норма нақты құқықтық қорғаныс береді».
Сондай-ақ Әбеновтің айтуынша, қазір қоғамда cancel culture, яғни «жою мәдениеті» күшейіп отыр. Біз әртүрлі елдерде қоғамдық пікірталастың шектен шығып кететінін байқаймыз: адамды сөзбен сендірмей, «жою қажет» деп таңбалайды. Конституция жобасында бұған қатысты нақты құндылық жүйесі белгіленген: адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғылмайды және заңмен қорғалады. Бұл сынға тыйым салу емес, айқын пікірталас пен жауапкершілікті сақтауға бағытталған.
Ол сондай-ақ қоғамда туындаған түсінбеушіліктерді болдырмау үшін Конституция жобасының нақты баптарын түсіндірді: адамның ар-намысы мен қадір-қасиеті заңмен қорғалады, елдің құқықтық кеңістігі біртұтас болып қала береді.
Айта кетейік, жаңа Конституция жобасы 15 наурызда республикалық референдумға шығарылады.