Жаңа Конституция: Саяси жүйеде қандай өзгерістер болып жатыр?
Сарапшы жаңа Конституциядағы адами капиталға басымдық, партиялық жүйедегі өзгерістер және Құрылтайдың рөлі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жаңа Конституция күшіне енгеніне бір айдан асты. Осы кезеңде елдің саяси және қоғамдық өмірінде бірқатар өзгеріс байқала бастады. Тарих ғылымдарының докторы, доцент Рахым Бекназаров жаңа Конституцияның негізгі ерекшеліктеріне тоқталып, адами капиталға басымдық берілуі, ғылым мен технологияның конституциялық деңгейде бекітілуі және саяси партиялар жүйесіндегі өзгерістердің маңызы туралы пікір білдірді.
Сарапшының айтуынша, жаңа Конституцияны халықтық Конституция деп атауға негіз бар. Оның басты ерекшеліктерінің бірі – адами капиталды дамытуға басымдық берілуі.
Біз соңғы уақытта бұл Конституцияны халықтық Конституция деп атап жүрміз. Біраз өзгеріс болды. Соның ішінде бізге ұнайтын тұсы – адами капиталға сүйену. Университеттік қоғамға, ғылымға, технологияға, жасанды интеллектіге қатысты ұғымдардың нақты шекарасы белгіленіп отыр, – деді Рахым Бекназаров.
Оның сөзінше, Конституцияға ғылым, технология және жасанды интеллект секілді ұғымдардың енгізілуі кездейсоқ шешім емес. Мұндай тәжірибе өзге мемлекеттердің конституциялық дамуында да болған.
Осындай үлгідегі Конституцияға технологиялық ұғымдарды енгізу мемлекеттің дамуына әсер ететін нақты фактор. Мысалы, кезінде Қытай Халық Республикасы мен Оңтүстік Корея да Конституциясына осындай өзгерістер енгізді. Сондықтан бұл ұғымдар жайдан-жай кіргізілген жоқ. Конституцияға енгізілгеннен кейін олар міндетті түрде іске асуы керек, әрі оны қорғайтын механизмдер қарастырылады, – деді сарапшы.
Бекназаровтың пікірінше, жаңа конституциялық нормалардың әсері білім мен ғылым саласындағы өзгерістерден көріне бастады. Сонымен қатар саяси жүйеде де бірқатар үдеріс жүріп жатыр.
Екінші маңызды мәселе – саяси ашық алаңның қалыптасуы. Саяси партиялардың бірігуі немесе саяси сахнадан кетуі сырт көзге бір партияның екіншісін “жұтып қоюы” сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ мәселе бұдан күрделірек. Саяси заңдылықтар өзгергеннен кейін партиялар да болашаққа деген саяси көзқарасын өзгертуі керек. Қазір болып жатқан бірігу, өзгеру және қайта құрылу үдерістері болашақта міндетті түрде әсер етеді. Бұл да реформалардың жүріп жатқанын көрсетеді, – деді ол.
Сарапшы саяси өмірдегі тағы бір маңызды өзгеріс ретінде жастардың саясатқа белсенді араласуын атады.
Ең ұнайтын тұстардың бірі – жаңа адамдардың саясатқа келуі. Жастардың саяси ортаға араласуы болашақта міндетті түрде әсер етеді, – деді Рахым Бекназаров.
Құрылтайдың рөлі қандай?
Сарапшы Құрылтайдың құрылуын да саяси реформалардың бірі ретінде бағалады. Оның пікірінше, жаңа мемлекеттік институттардың тиімділігін бағалағанда елдің ішкі ерекшелігімен қатар, әлемдегі геосаяси өзгерістерді де ескеру қажет.
Біз алысқа қарап, мемлекеттердің қазіргі жағдайын және әлемдегі саясатты ескеруіміз керек. Геосаясат өзгеріп жатыр. Оның қалай дамитынын алдын ала айту қиын. Сондықтан біз осы өзгерістерге қалай бейімделетінімізді ойлауымыз қажет, – деді ол.
Бекназаровтың айтуынша, Қазақстан үшін бірпалаталы Парламент моделінің де өзіндік артықшылықтары болуы мүмкін.
Екі палаталы Парламент өз деңгейіне жетті деп ойлаймын. Болашақта 22 миллион халқы бар, федеративті емес, біртұтас ұлттық мемлекет үшін бірпалаталы Парламент жеткілікті болуы мүмкін, – деді тарих ғылымдарының докторы.
Сонымен бірге сарапшы кез келген реформаны Қазақстанның өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып жүргізу қажет екенін атап өтті.
Біз бәрін бірден идеалды етіп жасай алмаймыз. Қазақстанның өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, әлемдегі жақсы өзгерістерді қабылдап, өз жағдайымызға бейімдеуіміз керек, – деді ол.
Оның пікірінше, алдағы саяси үдерістерде Парламентке кәсіби мамандарды тарту мәселесі маңызды болмақ. Саясаттан бөлек, заң, экономика, медицина және басқа да салалардың білікті өкілдері мемлекеттік шешім қабылдау процесіне қатысуы керек.
Саясатпен шын мәнінде айналысатын адамдармен қатар заңгерлер, экономистер және өз саласын жақсы білетін мамандар болуы керек. Медицина саласының өкілдері де, заң саласының мамандары да тиісті деңгейде жұмыс істеуі қажет. Сонымен қатар халықаралық деңгейде ойлайтын, әлемдік үдерістермен үндесе алатын адамдарды қалыптастыру маңызды, – деді Рахым Бекназаров.
Сарапшы алдағы кезеңде саяси партиялардың өкілдері мен жаңа саяси институттарға кімдердің келетіні маңызды мәселе болатынын атап өтті. Оның пікірінше, жаңа жүйенің тиімділігі ең алдымен кәсіби әрі жауапты кадрлардың қалыптасуына байланысты.