24 Қараша 2026, 09:32 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Жаңа Конституция Қазақстанның құқықтық жүйесін қалай өзгертеді? – сарапшы пікірі

Жаңа Конституция елдің құқықтық жүйесін жаңғыртуға жол ашты. Ендігі міндет – заңнаманы заман талабына сай бейімдеп, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру.

Қазақстанда жаңа Конституцияның қабылдануы құқықтық жүйені жаңғыртуға бағытталған жаңа кезеңге жол ашты. Ендігі міндет – Ата заңда бекітілген қағидаттарды іс жүзінде жүзеге асырып, қолданыстағы заңнаманы жаңа талаптарға сәйкестендіру. Бұл ретте Конституциялық соттың рөлі қандай және жаңа Азаматтық кодекс қандай өзгерістер әкелуі мүмкін? Осы мәселелерге заң ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Алуа Ибраева тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Профессордың пікірінше, Қазақстандағы конституциялық реформалар мемлекеттік институттарды жаңғыртуға, заң үстемдігін нығайтуға және адам құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге бағытталған. Бұл үдерісте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан өзгерістердің маңызы зор.

Конституциялық реформа мен заңнаманы одан әрі жетілдіру – мемлекеттік құқықтық саясаттың өзара байланысты бағыттары, – дейді Алуа Ибраева.

Оның айтуынша, 2026 жылғы 15 наурызда жаңа Конституцияның қабылдануы елдің құқықтық дамуындағы маңызды кезең болды. Негізгі заңда адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң үстемдігі, қоғамдық диалог, білім, ғылым және инновацияларды дамытуға қатысты қағидаттар бекітілген.

Алайда Конституцияны қабылдау реформаның аяқталғанын білдірмейді. Ендігі кезекте оның нормаларын заңнамаға енгізіп, мемлекеттік органдардың жұмысында нақты жүзеге асыру қажет.

Конституциялық соттың Жолдауы нені қамтиды?

2026 жылғы 18 қарашада Құрылтай отырысында Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» жыл сайынғы Жолдауды таныстырды. Бұл құжат жаңа Конституция қолданысқа енгізілгеннен кейін алғаш рет ұсынылып отыр.

Жолдауда елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі сараланып, құқықтық жүйені жетілдірудің негізгі бағыттары көрсетілген. Атап айтқанда, азаматтардың құқықтарын қорғау, заңнамадағы олқылықтарды жою, сот билігінің тәуелсіздігін сақтау және цифрлық технологияларды құқықтық реттеу мәселелері қамтылған.

Конституциялық сот заңдардың санын формалды түрде арттыруға емес, олардың сапасын көтеруге және адам құқықтарын нақты қорғауға бағдар береді, – деп атап өтті профессор.

Сонымен қатар құжатта меншік құқығын қорғау, жеке өмірге қол сұқпаушылық және әділ сот талқылауына қол жеткізу мәселелеріне ерекше назар аударылған. Автордың пікірінше, заңнамадағы құқықтық қайшылықтар мен түсініксіз нормалар азаматтардың құқықтарын жүзеге асыруына кедергі келтірмеуі керек.

Жолдауда цифрландыру мен жасанды интеллектіні қолдануға байланысты құқықтық тәуекелдер де қозғалған. Дербес деректерді қорғау, алгоритмдердің ашықтығы және жасанды интеллект көмегімен қабылданған шешімдер үшін жауапкершілік мәселелері жаңа құқықтық тетіктерді қажет етеді.

Цифрлық экономиканың дамуы, электрондық сауда мен жасанды интеллектінің кеңінен қолданылуы азаматтық құқық саласында заманауи құқықтық механизмдерді қалыптастыруды талап етеді, – дейді Алуа Ибраева.

Жаңа Азаматтық кодекс қандай өзгерістер әкелуі мүмкін?

Конституциялық реформамен қатар азаматтық заңнаманы жаңарту да маңызды міндеттердің бірі саналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында азаматтық заңнаманы жаңарту, соның ішінде жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу қажеттігін айтқан болатын.

Профессордың сөзінше, қолданыстағы Азаматтық кодекстің негізі 1990 жылдары қаланған. Ол кезеңде құжат нарықтық экономиканың қалыптасуына және тәуелсіз Қазақстандағы азаматтық-құқықтық қатынастарды реттеуге бағытталды. Алайда соңғы онжылдықтарда экономикалық қатынастар, меншік нысандары мен шарт жасасу тәсілдері едәуір өзгерді.

Осыған байланысты жаңа кодекс тек қолданыстағы заңды алмастырумен шектелмеуі керек. Ол азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға, меншік құқығы мен шарт еркіндігін қамтамасыз етуге және құқықтық қатынастардағы айқындықты арттыруға бағытталуы қажет.

Жаңа Азаматтық кодекс әділ құқықтық реттеудің негізіне айналып, азаматтар мен кәсіпкерлердің мүдделерін қорғауы тиіс, – деп санайды заң ғылымдарының докторы.

Оның пікірінше, жаңа кодексті әзірлеу кезінде Конституциялық соттың меншік құқығы, азаматтық қатынастарға қатысушылардың теңдігі және құқықтарды шектеудің мөлшерлестігі жөніндегі құқықтық ұстанымдарын ескеру маңызды.

Заңнаманың сапасы басты назарда болуы керек

Алуа Ибраева Конституциялық соттың Жолдауы құқықтық жүйені жетілдіруде маңызды бағдар болатынын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа заңдарды әзірлеу кезінде олардың ғылыми негізділігіне, бірізділігіне және азаматтардың құқықтарын қорғау деңгейіне басымдық берілуі қажет.

Конституциялық реформаның тиімділігінің басты өлшемі – қабылданған заңдардың саны емес, олардың сапасы, әділдігі, адам құқықтарының нақты қорғалуы және азаматтардың мемлекетке деген сенімі, – дейді профессор.