Жаңа Конституция: Отбасы институты қалай күшейтіледі?
Жаңа Конституция жобасында отбасы мен бала құқығын қорғау нормалары сақталып қана қоймай, айтарлықтай күшейтілгені белгілі. SARAP эксперттік клубының “Өзгерістер кезеңіндегі отбасы: әлеуметтік трансформацияға Конституция тұрғысынан жауап” атты отырысында бұл мәселе кеңінен талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Стратегиялық жоспарлау жəне реформалар агенттігі жанындағы Демографиялық үдерістерді талдау жəне болжау орталығының басшысы Аяулым Сағынбаева қолданыстағы Конституцияда құндылықтық бағдарлар, отбасы, ата-ананы құрметтеу секілді мәселелер белгілі бір деңгейде қамтылғанын айтты. Дегенмен жаңа баптың енгізілуі бүгінгі қоғамның нақты қажеттілігі екенін атады.
Неліктен? Менің жеке сараптамалық пікірім соңғы жылдары діни некелердің жиілеуі, жауапты ата-ана мәдениетінің әлсіреуі, отбасы ішіндегі жақындықтың азаюы, урбанизация мен құндылықтар жүйесінің өзгеруіне байланысты ұрпақтар арасындағы байланыстың босаңсуы байқалып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, ұсынылып отырған норма ең алдымен әйелдер мен балаларды қорғауға бағытталған шара деп айтуға болады, - деді сарапшы.
Аяулым Сағынбаева Жаңа Конституция жобасына енгізілген отбасына қатысты нормаларға тоқталды.
Бірінші нормада некенің ерікті одақ екені нақты көрсетілген. Бұл қағида қоғамда әрдайым айтылып, түсіндіріліп отыруы тиіс. Ал соңғы, төртінші норма – қарт ата-аналарға қамқорлық жасау туралы ереже. Бұл да қоғамның едәуір өзгергенін көрсетеді: бүгінгі қоғам он жыл бұрынғы қоғам емес, соған сәйкес отбасылық байланыстар да, отбасы институтының өзі де өзгеріске ұшырап отыр, - деді ол.
ҚСЗИ-дың бас ғылыми қызметкері қазіргі таңда “отбасы мен неке дағдарыста” деп кесіп айту дұрыс емес екеніне тоқталды.
Ол күйреп жатқан жоқ, керісінше трансформацияланып, заман талабына сай өзгеріп келеді. Бұл – өмірдің, әлеуметтік жағдайлардың және адамның санасының өзгеруіне байланысты табиғи үдеріс. Осындай жағдайда жалпыадамзаттық құндылықтарды сақтап қалу аса маңызды. Сол себепті де бұл нормалар енгізілді деп ойлаймын: біріншіден, неке – ерікті одақ екені айқындалады, екіншіден, аға буынға қамқорлық жасау міндеті бекітіледі, - деді Аяулым Сағынбаева.