Жаңа Конституция: Халық кеңесі мен Құрылтай саяси жүйені қалай өзгертеді?
Қазіргі таңда қоғамда ең көп талқыланып жатқан мәселенің бірі – конституциялық реформа. Бұл өзгерістер мемлекеттің бүкіл саяси жүйесін қамтып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Еуразиялық интеграция институтының департамент басшысы Арман Ешмұратов «Ашық саясат» сараптамалық клубының «Конституциялық реформа-2026: Қазақстанның саяси жаңғыруының жаңа кезеңі» атты отырысында мәлімдеді.
Айтуынша, Конституциялық комиссия біраз уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Оның құрамында 130-дан астам адам бар, қазірдің өзінде 12 отырыс өткізілген.
Бұған дейін қазан айынан бастап сараптамалық топтар Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеген. Ұсынылған түзетулердің ауқымы кең болғандықтан, жаңа Конституция қабылдау туралы бастама көтерілді. Негізгі заң алдағы уақытта қабылданатын барлық заңнамалық актілердің бағытын айқындайды. Сондықтан бұл – ел дамуына тікелей ықпал ететін маңызды құжат, - деп атап өтті департамент басшысы.
Сонымен қатар ол жобадағы басты жаңалыққа тоқталды.
Жобадағы басты жаңалықтардың бірі – Халық кеңесін жаңа саяси субъект ретінде енгізу. Ұсынысқа сәйкес, бұл орган заң шығару бастамасы құқығына ие болуы мүмкін. Яғни Халық кеңесі заң жобасын ұсынып, оны Құрылтайдың қарауына енгізе алады. Сарапшылардың айтуынша, кеңесші-консультативтік органдардың Конституция деңгейінде бекітілуі сирек кездеседі. Мысалы, Француз Республикасында экономикалық, әлеуметтік-экологиялық кеңес туралы норма бар, бірақ ол орган заң шығару бастамасын көтере алмайды. Ал ұсынылып отырған модельде Халық кеңесіне мұндай өкілет берілуі қарастырылып отыр, - деді Арман Ешмұратов.
Сонымен қатар екі палаталы Парламент – Сенат пен Мәжіліс моделі Құрылтайға айналуы мүмкін.
Ұсыныс бойынша жаңа парламент құрамында 145 депутат болады. Дегенмен бұл өзгерістердің барлығы референдум қорытындысына байланысты. Егер халық қолдаса, жаңа саяси модель іске қосылады, - дейді спикер.