Жаңа Конституция: Енді азаматтардың банк салымдары мен операцияларының құпиясы қорғалады
Құжатқа сәйкес, банк операцияларының, жеке салымдар мен жинақтардың құпиясы заңмен қорғалады.
Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасында азаматтардың қаржылық ақпаратының қорғалуы конституциялық деңгейде бекітілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құжатқа сәйкес, банк операцияларының, жеке салымдар мен жинақтардың құпиясы заңмен қорғалады. Бұл норма жеке өмірге қол сұқпаушылық және дербес деректерді қорғау құқығына арналған 21-бапқа енгізілген. Аталған бапта цифрландыру жағдайында да жеке деректердің қорғалуы ерекше атап өтіледі.
Жобада банк құпиясын шектеу тек заңда көзделген жағдайларда және тәртіппен ғана мүмкін екені көрсетілген. Бұл сот шешімі мен заңнамамен айқындалған өзге де рәсімдер арқылы жүзеге асырылатынын білдіреді.
Аталған норманы Конституцияда бекіту азаматтардың мүліктік құқықтарын қорғауды күшейтуге және елдің қаржы жүйесіне деген сенімді арттыруға бағытталған.
Еске салайық, бүгін, 12 ақпанда, жаңа Конституция жобасының мәтіні жарияланды. 11 ақпанда Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойған болатын.
Айта кетейік, жаңа Конституция 11 тарау, 95 баптан тұрады. Құжатта цифрландыру дәуіріне қажетті нормалар қамтылған. Алайда заңгер Марғұлан Ермағанбет қоғамның құқықтық санасы әлі де әлсіз екенін айтады.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасында адвокатураның мәртебесі және оның адам құқықтарын қорғау жүйесіндегі рөлі жеке норма ретінде бекітілді.