Бүгiн 2026, 13:21 Фото: А.Байжұманов

Жаңа Конституция елдің орнықты дамуының құқықтық негізін қалайтын тарихи құжат – Әшімбаев

Жаңа Конституция – ұзақмерзімді дамудың берік негізі.

Парламент Сенатында Палата Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Жаңа Конституция – ұзақмерзімді дамудың берік негізі» тақырыбына арналған іс-шарада адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау және заң үстемдігін нығайту үшін тиісті заңнаманы жетілдіру жолында жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның маңызы талқыланды.

Мәулен Әшімбаев қатысушыларға ілтипат білдіріп, конституциялық реформа ел дамуындағы шешуші кезең екенін тілге тиек етті. Жаңа Ата Заң жобасы Әділетті Қазақстан идеясын толық іске асыруға ықпал етіп, саяси жүйені демократияландыру мен жаңғыртудың құқықтық негізін айқындайтыны да айтылды.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен барлық салада аса маңызды реформалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Қазір жүргізіліп жатқан конституциялық өзгерістер сол іргелі істің жүйелі әрі дәйекті жалғасы екені анық. Мемлекет басшысының Жарлығымен 15 наурызда жаңа Конституцияға байланысты республикалық референдум өтеді. Бұл – елдің саяси жүйесін демократияландыру жолындағы тарихи кезең. Ата Заң, ең алдымен, мемлекеттілік пен Тәуелсіздікті нығайтуға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Сондықтан жаңа Конституция жобасы заң мен тәртіп қағидаттарына және азаматтардың мүдделері мен құқықтарына табан тірейді, – деп, Сенат Төрағасы жаңа Ата Заңның жекелеген нормаларына назар аударды.

Мәулен Әшімбаев жаңа Конституцияның преамбуласына тоқталып, мұнда адамның құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде бекітілгенін атап өтті. Сондай-ақ ол адам капиталын, білім мен ғылымды және инновацияны дамытуға бағытталған ережелерге ерекше мән берді.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы конституциялық реформа саяси жүйе эволюциясының табиғи жалғасы және сарапшылар мен азаматтық қоғамдастық өкілдерінің ұзақмерзімді бірлескен жұмысының нәтижесі екенін айтты. Отырыста жаңа Конституция ұлттық мүддеге толық сай келетін және қазіргі сын-қатерлерді еңсеруге арналған маңызды қадам екені де сөз болды.

Жаңа Конституция – Әділетті Қазақстанның конституциялық моделінің және жалпы елдің орнықты дамуының құқықтық негізін қалайтын тарихи құжат. Осыған байланысты билік тармақтарының тиімділігіне негізделген заманауи мемлекеттік басқару жүйесі құру көзделіп отыр. Ата Заңның нормаларына сәйкес Құрылтайдың өкілді рөлі артып, жаңа саяси институттар құрылады. Өңірлердің және барлық әлеуметтік топтың өкілдігін қамтамасыз ету үшін жоғары консультативтік орган ретінде Халық Кеңесі қалыптасатыны белгілі. Мемлекеттік билік органдарының конституциялық мәртебесі, құзыреті және міндеттері де айқындалып отыр, – дей келе, Мәулен Әшімбаев мәслихат депутаттарын Мемлекет басшысы белгілеп берген міндеттерді іске асыру жолында жұдырықтай жұмылуға шақырды.

Кеңес отырысында қатысушылар өзекті мәселелерді талқылап, өзгерістерге, оның ішінде билік жүйесін трансформациялауға қатысты да пікір алмасты. Сондай-ақ Құрылтай, Халық кеңесі және басқа да жаңа саяси институттар, олардың қалыптасуы, міндеттері, құзыреттері мен қызметі туралы сөз болды.

Іс-шарада конституциялық реформа Парламент және мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, түрлі саладағы сарапшылар мен мамандар, сондай-ақ, ел ертеңіне бейжай қарамайтын белсенді азаматтар қатысқан кешенді әрі жүйелі жұмыстың нәтижесі екені айтылды.

Отырысқа сенаторлармен бірге облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.