Жаңа Конституция – ел дамуының жаңа бағыты
Қазақстан тәуелсіздіктің жаңа кезеңіне қадам басып, елдің болашақ даму бағытын айқындайтын жаңа Конституцияны қабылдады. Негізгі заңда қоғам мен мемлекеттің алдағы дамуына қажет маңызды бағыттар белгіленген. Оның ішінде адам әлеуетін арттыру, ел бірлігін сақтау, ғылым мен технологияны дамыту, мәдениетті көтеру, заң мен тәртіпті нығайту мәселелері бар.
Философия ғылымдарының кандидаты Сәрсембин Үмбетқан Қуандықұлының айтуынша, жаңа Конституцияда қазіргі қоғамның талаптары ескеріліп, мемлекеттің алдында тұрған негізгі міндеттер нақты көрсетілген. Ендігі кезекте сол міндеттердің орындалуы билік пен халықтың ортақ жұмысына байланысты.
Жаңа Конституцияда бүгінгі күннің талабына сай барлық міндет толық көрсетілген. Ендігі мәселе билік пен халықтың өзіне байланысты. Тәуелсіздікті нығайтуға бағытталған міндеттерді билік пен халық бірігіп іске асыра алса, ел тәуелсіздіктің жаңа кезеңінен сүрінбей өтеді, – деді Сәрсембин Үмбетқан Қуандықұлы.
Маманның пікірінше, осы мақсатқа жетуде Құрылтайдың орны бөлек. Құрылтайдың қызметі заң қабылдаумен ғана шектелмеуі керек. Ол халықтың ойын билікке жеткізетін, мемлекеттік саясатты қоғамға түсіндіретін және ел ішіндегі өзара байланысты нығайтатын пікір алмасу алаңы болуы тиіс.
Құрылтай билік пен халық арасындағы байланысты күшейтетін, мемлекетшілдік сананы қалыптастыратын, қоғамның саяси мәдениетін арттыратын интеллектуалдық алаң болуы тиіс, – дейді сарапшы.
Қазір әлемдегі жағдай күрделі. Әртүрлі елдерде саяси және экономикалық өзгерістер болып жатқан кезеңде мемлекет үшін ішкі тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің маңызы арта түседі. Мұндай жағдайда елдің болашағына қатысты маңызды мәселелерді билік пен халықтың бірлесіп шешуі қажет.
Сарапшы Құрылтайдың негізгі міндеттерінің бірі халықтың мемлекетке деген сенімін күшейту екенін атап өтті. Сонымен қатар мемлекеттік шешімдер мен жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін қоғамға түсінікті түрде жеткізу де маңызды.
Құрылтайға жүктелетін міндеттің бірі – ең алдымен халықтың сенімін күшейту, мемлекеттің ұстанымын халыққа жеткізу, қоғамды қолға алынып жатқан саяси реформаларды жүзеге асыруға жұмылдыру, – деді ол.
Бұл ретте Құрылтай құрамына кіретін азаматтарға қойылатын талап та жоғары болуы керек. Себебі олар қоғамдағы әртүрлі пікірді ескеріп, елдің болашағына қатысты мәселелерді саралай алуы қажет. Сондықтан Құрылтай депутаттары білімді, ойы орныққан, елдік мәселелерге жауапкершілікпен қарайтын азаматтардан жасақталғаны маңызды.
Жаңа Конституцияның ел тарихындағы маңызы оның қағаз жүзінде қабылдануымен ғана өлшенбейді. Онда көрсетілген қағидалар күнделікті өмірде жүзеге асып, халықтың құқығы қорғалып, мемлекеттік басқару мен қоғам арасындағы байланыс нығайған кезде ғана оның тарихи мәні арта түседі.
Тәуелсіздіктің жаңа кезеңінде елдің дамуы билікке ғана емес, қоғамның әр мүшесіне де байланысты. Ортақ мақсат айқын болып, мемлекет пен халық бір-бірін түсініп, өзара сенімге сүйенген жағдайда Қазақстанның жаңа кезеңдегі міндеттерді нәтижелі атқаруына мүмкіндік мол.