Жаңа Конституция: БАҚ, отбасы және еңбек саласына қандай өзгеріс келеді?
Балаева: 20-дан астам заңнамалық актіге өзгеріс енгізіледі
Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева конституциялық реформаларды іске асыру аясында заңнаманы жаңарту және мемлекеттік саясатты жаңа нормаларға сәйкестендіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Премьер-министрдің орынбасарының айтуынша, мемлекеттік органдар алдында конституциялық реформаны жүйелі түрде жүзеге асыру міндеті тұр.
Бүгінде мемлекеттік органдардың алдында тұрған басты міндет – конституциялық реформаны жүйелі әрі үйлесімді түрде жүзеге асыру. Сонымен қатар заңнаманы және мемлекеттік саясатты жаңартылған конституциялық нормаларға толық сәйкестендіру аса маңызды. Ең бастысы Ата заңда айқындалған құндылықтарды қоғамда кеңінен насихаттап, оларды қоғамдық сананың ажырамас бөлігіне айналдыру, – деді Аида Балаева.
Министрлік салалық заңнаманы жаңарту бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.
Біріншіден. Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты бағыттарда салалық заңнаманы жаңарту бойынша бірқатар жұмыстар жүріп жатыр. Бүгінде мәдениет, ақпарат, БАҚ, архив ісі, мемлекеттік рәміздерді пайдалану, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара байланысы, дін мен жастар, отбасы саясаты салаларын реттейтін 20-дан астам заңнамалық актіге өзгеріс енгізу жоспарланып отыр, – деді ол.
Бұл түзетулер конституциялық қағидаттарды іске асыруға бағытталған.
Бұл түзетулер негізгі конституциялық қағидаттарды іске асыруға бағытталған. Атап айтқанда, олар тарихи-мәдени мұраны сақтау, ұлттық мәдениетті қолдау, отбасы институтын нығайту және азаматтық қоғамды дамыту сияқты маңызды бағыттарды қамтиды, – деді министр.
Этносаралық қатынастар мен қоғамдық келісімді нығайту да басты назарда.
Қазақстанның Халық Кеңесіқұрылуына байланысты қоғамдық келісімді нығайту және этносаралық қатынастарды дамыту бағытындағы жұмыстар күшейтілетін болады, – деді Балаева.
БАҚ саласындағы заңнаманы жетілдіру жұмыстары жалғасуда.
Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнаманы жетілдіру жұмысы жалғасуда. Атап айтқанда, сөз еркіндігі, цензураға жол бермеу, азаматтардың ақпаратты алу және тарату құқығы қағидаттарын жан-жақты әрі нақты айқындау көзделіп отыр, – деді ол.
Сонымен қатар азаматтардың құқықтарын қорғау мәселесіне мән беріледі.
Сонымен қатар, ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғауға бағытталған құқықтық тетіктер күшейтіледі. Бұл пікір білдіру еркіндігі мен адамның конституциялық құқықтарын қорғау арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді министр.
Оның айтуынша, Отбасы институтын нығайту – маңызды бағыттардың бірі.
Отбасы саясатына ерекше мән беріліп отыр. Өйткені берік отбасы – қуатты қоғамның іргетасы. Конституцияда неке мен отбасыны, ана мен әкені, балаларды қорғау қағидаты бекітілген. Осыған байланысты мемлекеттік органдармен бірлесіп, заңнаманы, соның ішінде «Неке және отбасы туралы» кодексті жетілдіру бойынша ұсыныстар пысықталуда, – деді ол.
Діни және конфессиялық қатынастар саласында да өзгерістер қарастырылуда.
Мемлекеттік конфессиялық қатынастарды дамыту маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға өзгерістер енгізілмек, – деді Балаева.
Бұл өзгерістер ар-ождан және дін бостандығы, азаматтардың құқықтарын және қоғамдық қауіпсіздікті қорғау арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге, сонымен бірге мемлекеттің және білім беру жүйесінің зайырлы сипатын сақтауға бағытталған.
Мемлекеттік рәміздерді пайдалану мәселесі де назарда.
Мемлекеттік рәміздерді пайдалану мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінеді. Министрлік нормативтік базаны жаңарту жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ мемлекеттік рәміздерді патриотизм мен азаматтық бірегейлікті нығайтудың маңызды құралы ретінде насихаттау жұмысы жалғасады, – деді министр.
Азаматтық белсенділік пен волонтерлік қозғалысқа қолдау көрсетіледі.
Азаматтық белсенділікті дамыту және волонтерлік қозғалысты қолдау – маңызды бағыттардың бірі. Волонтерлік еңбекті бағалаудың қосымша тетіктері қарастырылып жатыр. Атап айтқанда, еріктілердің еңбегі «Шапағат» медалімен марапаттау кезінде, сондай-ақ мемлекеттік қызметке орналасу мен оқу орындарына түсу барысында ескерілетін болады, – деді Балаева.
Үкіметтік емес ұйымдар саласы да жаңаша сипат алады.
Сонымен қатар конституциялық өзгерістерге сай үкіметтік емес ұйымдар саласындағы заңнаманы жетілдіру жұмыстары да жалғасады, – деді ол.
Үкіметтік емес ұйымдар саласы да жаңаша сипат алмақ. Мемлекет басшысы тапсырмасына сәйкес әзірленген заң жобасы үкіметтік емес ұйымдардың құқықтық мәртебесін нақты айқындап, олардың қызметінің негізгі қағидаттарын бекітеді.
Бұл құжатта өзін өзі басқару, тәуелсіздік, ашықтық және есептілік сияқты маңызды құндылықтар заңнамалық тұрғыдан айқын көрініс табады, – деді министр.
Жаңа Конституция әлеуметтік саясатқа да өзгеріс әкелді.
Екіншіден. Жаңа Конституция Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретіндегі негізгі қағидаттарының өзгермейтіндігін тағы бір мәрте айқындады, – деді ол.
Сонымен бірге әлеуметтік саясат жаңа стратегиялық мазмұнмен толықты.
Бұған дейін негізгі назар көбіне әлеуметтік кепілдіктер жүйесіне аударылып келсе, жаңа Конституция әлдеқайда кең тәсілді бекітеді, – деді Балаева.
Атап айтқанда, азаматтардың әл-ауқатының өсуінің негізгі факторлары ретінде адами капиталды дамытуға, білім беруге, ғылым мен инновацияларға басымдық беріледі, – деді ол.
Еңбек және әлеуметтік салада бірқатар өзгерістер енгізіледі.
Осыған байланысты Әлеуметтік кодексті жетілдіру жұмысы жалғасады. Бұл ретте жұмыспен қамтуды дамытуға, сапалы жұмыс орындарын ашуға, азаматтардың кәсіби білім алу мен біліктілігін арттыру мүмкіндіктерін арттыруға назар аударылады, – деді ол.
Сондай-ақ, министр мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру, оларды оңалту тетіктерін дамыту және қоғамдық әрі еңбек өміріне толыққанды интеграциялау бағытындағы жұмыстар жалғасатынын айтты.
Сонымен қатар еңбек заңнамасын жетілдіру жоспарлануда. Жаңа Конституция әр азаматтың еңбек ету құқығын бекітіп, оны жүзеге асыру үшін мемлекет тиісті жағдай жасауға міндетті екенін айқындайды, – деді ол.
Аида Балаева атап өткендей, осыған байланысты Еңбек кодексінің жекелеген нормаларына сапалы жұмыс орындарын арттыруға, әлеуметтік әріптестікті дамытуға және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған өзгерістер енгізу көзделіп отыр.
Цифрлық экономиканың қарқынды дамуын ескере отырып, еңбек заңнамасы жұмыспен қамтудың жаңа нысандарына, соның ішінде қашықтан және платформалық жұмыспен қамту формаларына бейімделетін болады, – деді ол.
Денсаулық сақтау саласында да өзгерістер қарастырылған.
Үшіншіден. Азаматтардың денсаулығын қорғау құқығы толық сақталады, – деді Балаева.
Тегін медициналық көмектіқаржыландыру көздері артады.
Яғни, бұрынғыдай тек мемлекеттік бюджетке ғана сүйенбей, бұл іске қайырымдылық қорлар, халықаралық ұйымдар және ірі компаниялар да атсалысады, – деді министр.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің рөлі арта түспек.
Кезең-кезеңімен енгізілетін бірыңғай базалық медициналық пакет арқылы азаматтар жоспарлы әрі күрделі медициналық қызметтердің басым бөлігіне осы сақтандыру есебінен қол жеткізе алады. Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы»кодекске, сондай-ақ медициналық сақтандыру және биологиялық қауіпсіздік салаларын реттейтін заңдарға тиісті өзгерістер енгізіледі, – деді Балаева.
Министрдің айтуынша, осылайша мемлекет кепілдік берген медициналық көмектің көлемі сақталады. Ең бастысы, азаматтардың құқықтары сақталып қана қоймай, қосымша институционалдық тұрғыдан нығайтылады.