Жаңа конституция әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтеді – Мәулен Әшімбаев
Іс-шара конституциялық реформа аясында елдегі гендерлік күн тәртібіне арналды.
Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Сарапшылар клубының кеңейтілген отырысы өтті. Іс-шара конституциялық реформа аясында елдегі гендерлік күн тәртібіне арналды. Жиын барысында әйелдердің мемлекеттік басқаруға қатысу құқықтарын кеңейту мәселелері, сондай-ақ, шешім қабылдау үдерістеріне тарту арқылы олардың Қазақстанды жаңғыртуға қосып отырған үлесі және осы бағыттағы өзекті міндеттер талқыланды. Гендерлік теңгерімді қамтамасыз ету Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саяси бағдардың стратегиялық басымдығы екені айтылып, бұл бағытта нақты қадамдар мен жаңа тәсілдер керектігіне мән берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Клуб отырысын ашқан Мәулен Әшімбаев елімізде әйелдерді қолдауға бағытталған прогрессивті саясат жүйелі түрде жүзеге асырылып келе жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанда бұл салада берік құқықтық негіз қалыптасқан. Оның маңызды тетіктерінің бірі 2030 жылға дейінгі Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы екені анық.
Сенат төрағасы гендерлік саясат қазіргі Қазақстанды дамытуда маңызды құрал екенін тілге тиек етті. Әртүрлі тәжірибе мен құзыреттерді тиімді пайдалану мемлекетті күшейтеді. Осы тұрғыдан алғанда, теңдік тек әділеттілік мәселесі ғана емес, сонымен қатар экономикалық өсуге қол жеткізудің және сапалы шешімдер қабылдаудың маңызды шарты саналады.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің жедел дамуы мен қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру бағдарын айқындап берді. Бұл әйелдер қауымының әлеуетін толық ашпай көздеген мақсаттарға қол жеткізу мүмкін емес. Статистика көрсеткендей, Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлікпен белсенді айналысып, жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірлердің дамуына үлес қосып келеді. Осы орайда әйелдердің экономикалық белсенділігін қолдау тек әлеуметтік көмек немесе қайырымдылық шарасы емес екенін ерекше атап өткім келеді. Бұл қадам – экономикалық өсімді қамтамасыз ететін және халық табысын арттыратын стратегиялық драйвер, – деді Сенат төрағасы.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев жүргізіліп жатқан реформаларға қарамастан, әйелдер әлі де мансап жолында шектеулерге, кәсіби сегрегацияға тап болатынына және саясатта, стратегиялық шешімдер қабылдау деңгейінде олардың өкілдіктері әлі де арттыруды қажет ететініне алаңдаушылық білдірді. Осы жүйелі кедергілерді жою және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету үшін инновациялық ынталандыру тетіктерін қалыптастырудың маңызы зор. Осыған байланысты Палата мен сарапшылар қауымдастығының бірлескен жұмысының басым бағыттары белгіленді.
Бұл үдерісте жаңа Конституция нормаларына ерекше мән беріледі. Аталған құжат әйелдердің құқықтық мәртебесін бекітіп қана қоймай, тең мүмкіндіктер қағидатын айқындайды, азаматтардың қоғамдық өмірге қатысу тетіктерін күшейтеді. Сондай-ақ отбасыны, ана мен баланы қорғауды басты назарға алады. Әйелдердің елдің саяси және қоғамдық өміріне кеңінен қатысуына нақты жағдай жасау да басым бағыттардың бірі ретінде белгіленіп отыр.
Жаңа Конституция жобасында реформалардың өзегінде адам, оның қадір-қасиеті және гендерлік айырмашылыққа қарамастан тең даму құқығы тұрғанын көреміз. Бұл – біздің саяси жүйеміздің кемелденгенінің белгісі. Әйелдер көшбасшылығы еліміз үшін қалыпты құбылысқа айналып келеді. Конституциялық нормалар барлық азаматтың құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігін айқындайды, азаматтық белсенділік тетіктерін күшейтеді және ана мен отбасының қорғалуын қамтамасыз етеді. Мұның бәрі әйелдердің өз әлеуетін толық жүзеге асыруына, мемлекеттік басқаруға және қоғамның дамуына белсенді қатысуына қажетті берік негіз қалайды, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сарапшылар клубының отырысына ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Әсел Жанасова, саяси консультант Назым Жанғазинова, медиаменеджер Махаббат Есен, 2024 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Назым Қызайбай, Teach for Qazaqstan қоғамдық қорының құрылтайшысы әрі директоры Гүлнар Сәлмен, «1С-Рейтинг» компаниясы директорының орынбасары Валерия Коцур, Microsoft Central Asia компаниясының клиенттермен жұмыс жөніндегі директоры Толқын Нұрышева, «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова, 2026 жылғы UAE SWAT Challenge турнирінде үздік деп танылған Қазақстан арнайы мақсаттағы күштерінің әйелдер құрамасы «Tomiris», сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты жанындағы Сарапшылар клубының мүшелері қатысты.
Талқылау барысында Қазақстандағы гендерлік теңдік саласындағы реформалардың көрсеткіштері сөз болды. Сондай-ақ қазіргі сын-қатерлер жағдайында әйелдердің рөлін күшейту үшін қазақстандық тәжірибеге енгізуге болатын шетелдік үлгілер ұсынылды.